Accessibility links

Ақтөбеде Қаңтар бойынша айыпталған 18 адамға үкім оқылды. Ең жоғарғы жаза – 15 жыл


Сот Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 18 адамға үкім оқып жатыр. Ақтөбе, 1 ақпан, 2023 жыл.
Сот Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 18 адамға үкім оқып жатыр. Ақтөбе, 1 ақпан, 2023 жыл.

Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 18 адамның бірін 15 жылға бас бостандығынан айырды. Бір адам төрт жыл түрмеге кесілді. Екі адам ақталды.

1 ақпанда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 18 адамға үкім оқылды.

18 адамның ішінде ең ауыр айып тағылғаны – Нұрсұлтан Исаев. Сот оны 15 жылға бас бостандығынан айырды.

Исаев "Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғу" (380-1 бап, 2-бөлігі) және "Жаппай тәртіпсіздікке қатысты" (272-бап, 2 бөлігі) деп айыпталған еді. Бұған дейін айыпталушының туыстары прокуратураға шағымданып, Исаев қаңтар кезінде халықпен бірге алаңға шыққанын, ешқандай қылмыс жасамағанын айтқан. Исаевтың өзі тергеу изоляторында аштық та жариялаған. 1 ақпанда сот оның кінәсі дәлелденгенін айтты.

Қалған айыпталушыларға шыққан үкім мынадай:

  • Дархан Қами – 4 жылға бас бостандығынан айыру;
  • Еркебұлан Құттыбаев – 9 ай шартты жаза;
  • Рүстем Ахметов – 9 ай шартты жаза;
  • Берік Құспанов – 9 ай шартты жаза;
  • Нұркен Өмірәлі – 9 ай шартты жаза;
  • Қайрат Баймұратов – 9 ай шартты жаза;
  • Жәдігер Ысқақов – 9 ай шартты жаза;
  • Әмірбек Дәукен – 9 ай шартты жаза;
  • Арнольд Сәдуақасов – 9 ай шартты жаза;
  • Асланбек Омаров ақталды;
  • Ернұр Әжниязов ақталды;
  • Қуат Шамұратов тергеу изоляторы мен үйқамақта болған мерзімі есебінен жазасы өтелді деп есептелгендіктен, жазадан босатылды;
  • Нұрбек Мұхит тергеу изоляторы мен үйқамақта болған мерзімі есебінен жазасы өтелді деп есептелгендіктен, жазадан босатылды;
  • Бекжан Аманғосов тергеу изоляторы мен үйқамақта болған мерзімі есебінен жазасы өтелді деп есептелгендіктен, жазадан босатылды;
  • Дархан Әбиев тергеу изоляторы мен үйқамақта болған мерзімі есебінен жазасы өтелді деп есептелгендіктен, жазадан босатылды;
  • Абылайхан Бекеев тергеу изоляторы мен үйқамақта болған мерзімі есебінен жазасы өтелді деп есептелгендіктен, жазадан босатылды;
  • Жанна Есмырзаева тергеу изоляторы мен үйқамақта болған мерзімі есебінен жазасы өтелді деп есептелгендіктен, жазадан босатылды.

Оларға негізінен "Жаппай тәртіпсіздік", "Билік өкіліне күш көрсету", "Қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айыптар тағылған еді.

Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 18 адамға үкім оқылып жатқан сәт. Ақтөбе, 1 ақпан, 2023 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 18 адамға үкім оқылып жатқан сәт. Ақтөбе, 1 ақпан, 2023 жыл.

Істе ондаған жәбірленуші бар. Дені – арнайы жасақ мен полиция қызметкерлері.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған 21 қылмыстық іс сотқа жеткен. Былтыр шілдеде Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде "Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған үш адамның бас бостандығын 3,5 жылға шектеген.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза тапқан. Бірі – Файзулла Нұргелдин Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, бір айдан кейін қайтыс болған. Бұған дейін Ақтөбеде ұстау кезінде азапталдым деген азаматтардың шағымы қаралмай жатқаны хабарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG