Accessibility links

Журналист Олеся Вертинскаяға жасалған шабуыл бойынша сот жалғасты. Тілшіні "азаптағандар ісі" қайта ашылды


3 ақпанда Атырау қаласының №2 сотында "Дорожный контроль" ақпарат порталының тілшісі Олеся Вертинскаяға жасалған шабуылға қатысты "бұзақылық" бабы бойынша істі қарау жалғасты. Атырауда былтыр Қаңтар оқиғасынан хабар таратқан Вертинская "Динамо" спортзалында азапталғанына қатысты жабылған іс қайта ашылғанын хабарлады.

"Журналиске шабуыл ісінде" бұған дейін кінәсін түгел мойындап, сотта жәбірленуші Вертинскаядан кешірім сұраған айыпталушы 23 жастағы Әлібек Меллятов процестік келісім жасайтынын айтқан еді. Алайда 3 ақпан күнгі сот процесінде журналист процестік келісімнен бас тартты. Ол осыған дейін Меллятов "тапсырыс берушінің атын атаса ғана" келісімге баратынын айтқан еді. Ал Меллятов "ешкім тапсырыс бермегенін", Вертинскаямен жеке араздығы барын алға тартқан.

Тараптар процестік келісімге келмегеннен кейін жұма күні сот әрі қарай жалғасты.

Жұма күні куәгерлерден тағы жауап алынды. Келесі сотқа төртінші сот-медицина сарапшысы шақырылады. Вертинскаяға алған дене жарақаты бойынша тергеу барысында үш рет сараптама жүргізілген. Бірінші сараптама қорытындысы - “жеңіл”, екіншісі − “орташа”, үшінші сараптама қайтадан “жеңіл дене жарақаты” деп көрсеткен. Журналист алдыңғы отырыстарда сараптама қорытындысына келіспейтінін, өзіне жеңіл емес, орташа дәрежеде зақым келді деп есептейтінін айтқан еді. Судья төртінші рет тәуелсіз сараптама жасату үшін келесі сотқа төртінші сарапшы шақырылады деді.

Сотта қаралып жатқан іске қатысты оқиға былтыр 19 шілдеде болған. Ақпаратқа қарағанда, Вертинская қаладағы үйінен шыққан кезде белгісіз бір жігіт келіп, көмек сұраған. Артынша журналисті бетінен ұрып, ол құлап қалғанда тебе бастаған. Сол маңнан өтіп бара жатқан адам Вертинскаяны арашалап, жәбірленушінің ұлы жедел жәрдем көлігін шақыртқан. Компьютерлік томография журналистің мұрны сынғанын анықтаған. Олеся Вертинская полицияға шағым түсірді.

Журналист өзіне жасалған қастандықты кәсіби қызметімен, әсіресе Қаңтар оқиғасымен байланыстырған.

Былтыр Атырауда Қаңтар оқиғасы кезінде ақпарат таратқан Олеся Вертинская өзіне құқық қорғау орган қызметкерлері "қоқан-лоқы көрсеткенін" және "Динамо" спортзалында азаптағанын да айтқан еді. Журналистің айтуынша, "қылмыс құрамы болмағандықтан", іс 30 желтоқсанда тоқтатылған. Осыған дейін журналист өзіне қатысты қолданылған "азаптау" тәсілдерін де айтып берген еді.

Видео: "Атып тастау керек сені". Атыраулық журналист өзіне тапсырыс берушіні іздейді (24 қаңтар 2023 жыл).

"Атып тастау керек сені". Атыраулық журналист өзіне тапсырыс берушіні іздейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:40 0:00

Вертинская қолында полицейлер қоқан-лоқы көрсеткенін дәлелдейтін видеожазбасы барын айтқаннан кейін ғана облыстық прокуратура өкілдері жуырда істі қайта қарауды тапсырған. Ал ақпанның басында Атырау облысы прокуратурасы "қызмет өкілеттігін асыра пайдалану" бабы бойынша іс "негізсіз жабылғанын" мойындап, істі жабу туралы қаулының күшін жойған. Бұл туралы прокуратураның жазбаша жауабына сүйенген Вертинскаяның өзі Азаттық тілшісіне хабарлады. Оның айтуынша, дәл осындай жауапты оның әріптесі, “Дорожный контроль" ақпарат порталының тілшісі Серік Қожаниязов та алған.

Ақпаратқа қарағанда, Серік Қожаниязов былтыр 7 қаңтарда қалалық полиция басқармасында бала кезінен ІІ топ мүгедектігі бар ұлы (ол кезде жасы 17-де болған) Артур Қожаниязовты полицейлер ұрып-соғып, тонады деп арыз жазған. Алайда іс “қылмыс құрамы жоқ, күдіктілер анықталмады” деп жабылған. Бұл іс те басында “азаптау” бабымен қозғалып, кейін "қызмет өкілеттігін асыра пайдалану" бабы бойынша сараланған. 1 ақпан күні прокуратура істі қайта ашқаны мәлім болды.

Іс бойынша бұдан басқа ақпарат айтылмайды. Азаттық тілшісі жергілікті прокуратурадан аталған істерге байланысты әзірше жауап ала алмады.

31 қаңтар күні Азаттықтың ресми сауалына Атырау облыстық прокуратурасы Қаңтар оқиғасына байланысты азаптау бойынша 18 күдіктіден арыз түсті деп жауап берген. Прокуратураның жауабында былтыр 19 қаңтарда осы арыздардың негізінде “азаптау” бабымен тергеу басталғаны жазылған. Ал тура жеті ай өткен соң − 19 шілде күні күдіктілер анықталмауына байланысты істің мерзімі үзілген деп көрсетілген. Тергеу барысында жеті адам арызын қайтып алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG