Accessibility links

Зерттеу: Мәскеу Қырым аннексиясын мойындату үшін Еуропадағы саясаткерлердің "кеңірдегін майлаған"


Қырым аннексиясы кезінде ешқандай белгісі жоқ форма киген орыс әскері, 2014 жыл.
Қырым аннексиясы кезінде ешқандай белгісі жоқ форма киген орыс әскері, 2014 жыл.

Кремльмен және мемлекеттік думамен байланысы бар ресейлік саяси технолог Саргис Мирзаханян мен оның тіркелмеген "Өзекті саясат жөніндегі халықаралық агенттік" лоббистік тобы 2014 жылдан бері Еуропадағы ресейшіл саясаткерлермен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Солардың көмегімен Еуроодақ елдерінде немесе оның жекелеген аймақтарында Ресейге қарсы санкцияны алып тастау және аннексияланған Қырымды Ресей жері деп мойындау сияқты қарарлар талқыланған. "Важные истории" мен Eesti Ekspress, OCCRP, IRPI және Profil ұйымдары бірігіп жүргізген зерттеуден осыны аңғаруға болады. Зерттеу Мирзаханянның электрон поштасындағы хаттарға сүйеніп жасалған, 2007-2017 жылдар аралығында жіберілген 20 мың хатты украин хакерлері жария еткен.

Қырымды аннексиялау кезінде Мирзаханян Ресей мемлекеттік думасының депутаты Игорь Зотовтың көмекшісі қызметін атқарған. Ол сонымен бірге мемлекеттік думаның ТМД істері бойынша комитеті сарапшылар кеңесіне мүше болған, Ресей президенті әкімшілігімен байланысы болған.

Зерттеуге сүйенсек, Мирзаханян және оның лоббистік тобы Италияның Венето аймағы кеңесінің резолюция жобасына ықпал еткен. Қарарды кеңеске депутат Стефано Вальдегамбери енгізген. Құжат 2016 жылы мамырда қабылданған. Онда Еуроодақ "халықаралық құқық тұрғысынан алып қарағанда" аннексияланған Қырымға "әділетсіз әрі алалау сипатындағы" саясат жүргізіп отыр деп жазылған. Құжат Ресейге салынған санкцияның күшін жоюға үндейді. Венето кеңесі – Қырымды Ресей аумағы деп мойындаған Еуропадағы алғашқы саяси институт. Қарар мәтіні Мирзаханян поштасында құжат қабылданбай тұрып бір ай бұрын пайда болған. Хаттар арасынан әлдеқандай "жоспарлар тізбегі" де табылған, онда қарарды Венето кеңесінің 29 депутаты қолдауға дайын екені жазылған.

Сол кезде ізінше Италияның тағы екі аймағы – Лигурия мен Ломбардияда да осыған ұқсас ресейшіл резолюция қабылданған. Депутат Вальдегамбери журналистердің сауалына жауап бермеді.

Мирзаханянның хаттарынан Венето резолюциясын Италия парламентіне талқылауға шығару туралы жоспар болғаны да анықталған. Хаттардың бірінде онымен Вальдегамберидің "Солтүстік лигадағы" әріптесі, сенатор Паоло Тосато айналысатыны жазылған.

Құжаттың "Смета" деп аталатын бөлігінде "20 000 EUR + 20 000 EUR (енгізу), дауыс беру ойдағыдай өткен жағдайда +15 000 EUR" деп жазылған. Сол кезде Тосато парламентке енгізген қарар жобасын сенаторлар кері қайтарған.

Осыған ұқсас құжат сол кезде Австрия парламентіне енгізілген. Мұны Австрия еркіндік партиясы атынан депутат Йоханнес Хюбнер енгізген. Бұл қарар да кері қайтарылды. Мирзаханян хаттарының арасында бұл бастама туралы да ақпарат бар. "Смета" бөлімінде 20 000 EUR, дауыс беру ойдағыдай өткен жағдайда +15 000 EUR деп жазылған. Тосато мен Хюбнер қарарды парламентке енгізгені үшін Ресейден ақша алғанын мойындамайды.

Мирзаханян поштасында Латвия, Грекия парламенттеріне, Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясына қатысты да осыған ұқсас бірқатар жоспар болған. Алайда бұл құжаттарға қатысты тыңдаулар туралы ештеңе айтылмаған.

Зертеушілер сонымен бірге Мирзаханян тобы Еуропадағы оңшыл депутаттардың аннексияланған Қырымға және түбектегі түрлі форумға сапарын ұйымдастырғанын анықтаған.

Лоббистің электрон жәшігінен мемлекеттік думаның халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Слуцкиймен алысқан хаттары да табылған. Онда 2018 жылы Ресейдегі сайлауға шетелден көп бақылаушы делегациясын әкелу идеясы талқыланған. Оның құрамына Еуропадағы оңшыл депутаттар кіруі керек болған. Шақырушы тарап ретінде Ресей бейбітшілік қоры көрсетілген. Оған Слуцкийдің өзі жетекшілік етеді. Бақылаушылардың жол шығыны, қонақүйде жатып-тұрғаны өтелген. Жобаның жалпы бюджеті – 68 мың еуро.

Кодекске сәйкес, халықаралық бақылаушылар сайлау өтіп жатқан елдің үкіметінен қаржы алмауы керек. Бұл бақылаушылар миссиясының қорытындысына селкеу түсіріп, мүдделер қақтығысына апаруы ықтимал.

Леонид Слуцкий мен Саргис Мирзаханян зерттеушілердің сұрақтарына жауап бермеген.

  • Мәскеу 2014 жылы ақпанда Қырым түбегіне әскер кіргізіп, "референдум" өткізіп, оны аннексиялаған еді. Украина мен дүниежүзі мемлекеттерінің дені бұл әрекетті айыптаған.
XS
SM
MD
LG