Accessibility links

Зеленский Янукович тұсында министр болған бірқатар адамды азаматтықтан айырды


Азаматтықтан айырылған бұрынғы шенеуніктердің бірі Виталий Захарченко.
Азаматтықтан айырылған бұрынғы шенеуніктердің бірі Виталий Захарченко.

Украина президенті Владимир Зеленский экс-президент Виктор Янукович тұсында лауазымды қызмет атқарған бірнеше адамды азаматтықтан айырды. Бұл жөнінде ол сенбі күнгі видеомәлімдемесінде хабарлады.

"Тиісті құжаттарға қол қойдым. Бұл – басқыншы жағына шығып кеткендерден мемлекетімізді тазарту үшін жасалған кезекті қадам" деді Зеленский. Украина қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, бұл адамдар Ресей азаматтығын алған.

Жарлықтың мәтіні жарияланған жоқ, алайда украин ақпарат құралдарының хабарлауынша, азаматтықтан айырылғандар арасында Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің айналасында болған шенеуніктер мен қызметкерлер бар: ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің бұрынғы хатшысы Андрей Клюев, бұрынғы ішкі істер министрі Виталий Захарченко, Украина қауіпсіздік қызметінің бұрынғы жетекшісі Александр Якименко, бұрынғы білім министрі Дмитрий Табачник.

Олардың бәрі 2014 жылы ақпанда Янукович қашқан кезде елден кеткен.

Бұған дейін де Зеленский жоғарғы раданың бірнеше депутатын азаматтықтан айырған. Арасында қазір Ресейде жүрген Виктор Медведчук та бар. Оның да Ресей азаматтығы бары айтылады. Украина азаматтығынан айырылған бұл азаматтардың депутаттық мандатының да күші жойылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG