Accessibility links

"Қаңтар ісі": Тараз соты айыпты деп таныған тоғыз адамның бесеуі – былтыр оққа ұшқандар


Тараз қаласының №2 соты Қаңтар оқиғасына байланысты кінәлі деп таныған тоғыз адамның бесеуі былтыр қаңтарда мерт болған. Олардың туыстары үкімге наразы. 7 ақпан, 2023 жыл.
Тараз қаласының №2 соты Қаңтар оқиғасына байланысты кінәлі деп таныған тоғыз адамның бесеуі былтыр қаңтарда мерт болған. Олардың туыстары үкімге наразы. 7 ақпан, 2023 жыл.

7 ақпанда Тараз қаласының №2 сотында Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған тоғыз адамның ісі бойынша сот процесінде үкім жарияланды. Былтыр 23 қарашада басталған сотқа тартылған тоғыздың бесеуі Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда мерт болған. Оларға "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты", "оқ-дәріні заңсыз алып жүрді" деген айыптар тағылған.

Судья Бағлан Төребекұлы шығарған үкімде айыпталғандардың бәрі былтыр қаңтардың 6-сына қараған түні "қоғамға қауіпті іс-əрекетін ұғына отырып, қирату, өртеу, мүлікті жою, атыс қаруын қолдану және билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетуге ұласқан жаппай тəртіпсіздікке қатысқаны", "билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбай, жаппай тəртіпсіздік жасауға шақырып, оқ-дəрiнi заңсыз иемденіп, сақтағаны, тасымалдағаны жəне алып жүргені" айтылған.

"Сотталушылардың кінəсі дəлелін тапты" деді судья Төребекұлы.

Сот Марат Бекбау бұған дейін де сотты болғанын ескеріп, оны екі жылға бостандығынан айыруға және жазасын қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде өтеуге үкім етті.

Асхат Ташекеевті де екі жылға бостандығынан айырып, амнистияға ілінуіне байланысты сот залынан босатты.

Ғани Керімбаевты үш жылға бас бостандығынан айырды. "Рақымшылық туралы" заң қолданылуына байланысты жаза мерзімі қысқарып, ол мерзім ендігі өтелгендіктен, Керімбаев сот залынан босатылды.

Сот Нұрбол Ережеповке де үш жыл қамау жазасын кесіп, "Рақымшылық туралы" заң бойынша жаза мерзімін қысқартты, шартты түрде тоғыз айға бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Ал Қаңтарда қаза тапқан Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Тоқтар Ошақбайға жаза тағайындамағанымен, сот бесеуін де кінәлі деп таныды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Тараз соты "Қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздікке қатысқаны үшін кінәлі" деп таныған марқұмдардың туыстары үкімге наразы. Олар сот процесі кезінде куәлік еткен күш құрылымдарының сарбазы 6 қаңтарда Таразда БТР-дан 91 рет оқ атқанын мойындағанын айтып, билік күштері жазықсыз жандарды себепсіз атып өлтірді деп есептейді. Биліктен марқұм туыстарын толық ақтауды және бейбіт адамдардың қазасына кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді.

  • Ресми дерек бойынша, былтыр Таразда Қаңтар оқиғасында 15 адам оқ тиіп қаза болған. Адам өлімі бойынша қозғалған істердің барлығы жабылған.
  • Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде Тараздағы алаңда мерт болған 17 жастағы Андрей Опушиевтің ісін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарап, жасөспірімді кінәлі деп тапқан еді. Апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырды.
  • Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Тараздың тағы тоғыз тұрғынына қарсы қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағаны белгісіз. Ол жөнінде ешқандай ресми ақпарат жоқ.
  • Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы былтыр 20 желтоқсандағы мәлімдемесінде Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын "біржақты тергеді" деп сынаған. Бас прокуратура мұнымен келіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG