Accessibility links

Түркияның Қазақстандағы елшісі: Зілзаладан кейін 4 қазақстандық жоғалған болуы мүмкін


Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджидің Түркиядағы зілзалаға қатысты баспасөз жиыны. Астана, 8 ақпан, 2023 жыл.
Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджидің Түркиядағы зілзалаға қатысты баспасөз жиыны. Астана, 8 ақпан, 2023 жыл.

Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджи 8 ақпанда Астанада баспасөз жиынында әлеуметтік желідегі ақпараттарға сүйене отырып, зілзаладан кейін қазақстандық төрт азамат жоғалғанын айтты.

– Қанша азамат жоғалғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Бірақ әлеуметтік желідегі кейінгі ақпаратқа қарағанда, төрт Қазақстан азаматы жоғалып кетті деген сандар шығып жатыр. Үшеуі Хатай провинциясында, біреуі– Аданада жоғалған, – деді 8 ақпанда Азаттық сұрағына жауап берген Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджи.

Елшінің айтуынша, қазір Түркияда зілзаладан зардап шеккендер саны 41 мыңнан асқан. Үш күн ішінде қазақстандықтар Түркия азаматтарына көмектесу үшін 90 мың доллардан астам қаражат жинаған.

Бұған дейін қазақстандық еріктілер мен кәсіпкерлер Түркиядағы халыққа арнап, киіз үй орнатуға күш салып жатқаны хабарланған еді. Бұл жөнінде елші "киіз үй – дәстүрлі емес шешім, оның қаншалықты тиімді болатынын сол жақтағы мамандардан сұрау керек" деді.

Түркия елшісінің айтуынша, баспанасыз қалған азаматтарға 92,7 мың шатыр тұрғызылған.

Түркияның оңтүстігі мен Сирияның солтүстігінде 6 ақпанда болған аса ірі екі жер сілкінісінен кейінгі құтқару жұмысы әлі жалғасып жатыр. BBC мәліметіне қарағанда, зілзаладан 9 мыңнан астам адам қаза болған. Түркияда құрбандар саны 6,9 мыңнан асты. Сирияда қаза болғандар 2,5 мыңнан асқан. Түркияда бір апта қаралы күн жарияланды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 7 ақпанда қаза болғандар мен жараланғандар тізімінде Қазақстан азаматтары жоқ екенін, дегенмен Түркияда оқитын балаларын іздеген бірнеше ата-ана хабарласқанын айтқан.

Бұған қоса, Түркияның Хатай провинциясында Қазақстанның Мирус Құрмашев есімді азаматы жоғалып кеткені белгілі болды. Жер сілкінісінен кейін онымен байланыс үзілген. Қазақстандықтар Құрмашевті іздеу үшін Түркияға аттанған. Бұл жөнінде блогер Әлішер Елікбаев Telegram-дағы арнасында жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG