Accessibility links

СІМ: Түркияда жоғалып кеткен Қазақстан азаматы табылды. Тағы екі адам іздестіріліп жатыр


Түркияның Қаһраманмараш провинциясы. Жер сілкінісінің эпицентрі.
Түркияның Қаһраманмараш провинциясы. Жер сілкінісінің эпицентрі.

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткен Қазақстан азаматы Сәбина Мамадиярова түріктің Хатай провинциясының Антакия қаласында табылды. Бұл жөнінде Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, Түркияда жер сілкінісі кезінде Қазақстанның үш азаматы жоғалып кеткен. Екі адам әлі іздестіріліп жатыр. Түркияның ішкі істер министрлігі Антакия қаласына құтқарушылар тобын жіберген.

"Әзірше Сәбина Мамадиярова мен оның түрік досы Құбылай Кескін табылды. Екеуі де аман-есен, оларды дәрігерлер тексеріп шығуға тиіс. Жұмыс жалғасып жатыр. Қалған балалар да аман-есен табылады деп үміттенеміз" деді Смадияров.

Әлеуметтік желілерде құтқару жұмысы кезінде табылған Сәбина Мамадиярованың суреті тарады. Ақпаратқа қарағанда, оның қолы сынған.

Бұған дейін Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджи төрт қазақстандық жоғалып кеткенін айтқан еді: үшеуі Хатай провинциясында, біреуі Адана қаласында жоғалған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, жер сілкінген кезде Түркияда Қазақстанның 75 мың азаматы жүрген болуы мүмкін, 8 мыңы – студент. Түркияда сонымен бірге қазақ диаспорасы да бар.

Жуырда түріктің Газиантеп қаласына қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер барғаны хабарланған. 8 ақпанда Қазақстан Түркияға көмек ретінде 1 млн доллар беретіні белгілі болды.

Түркияның оңтүстігі мен Сирияның солтүстігінде 6 ақпанда болған аса ірі екі жер сілкінісінен кейінгі құтқару жұмысы әлі жалғасып жатыр. BBC мәліметіне қарағанда, зілзаладан 11,5 мыңнан астам адам қаза болған. Түркияда құрбандар саны 9 мыңнан асты. Сирияда қаза болғандар 2,5 мыңнан асқан. Түркияда бір апта қаралы күн жарияланды.

XS
SM
MD
LG