Accessibility links

Теңіз кенішінде автокөлік цистернасы жарылып, бір жұмысшы қаза болды


Атырау облысының картасы.
Атырау облысының картасы.

8 ақпанда Атырау облысының Теңіз кенішінде вакууммен жабдықталған автокөліктің цистернасы жарылып, "Вест Дала" компаниясының 30 жастағы жұмысшысы қаза болды. Тағы бір адам – 31 жастағы жұмысшы түрлі дәрежеде жарақат алып, ауруханаға жатқызылған. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Атырау облысындағы Теңіз кенішін игеретін "Теңізшевройл" (ТШО) компаниясының мәліметінше, оқиға Теңіздің өндірістік аумағынан тыс жердегі "Вест Дала" базасында болған.

"Вест Дала" жарылысты қайғылы оқиға деп атады. Компанияның баспасөз қызметі Азаттыққа өкілетті мемлекеттік органдарға оқиға туралы хабарлағанын айтты. "Оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін барлық жағынан көмектесеміз" деді компания өкілдері.

Компанияның мәліметінше, оқиға 8 ақпанда Астана уақыты 13.50 шамасында қалдықтарды реттеу кешенінде болған. Зардап шеккен адам кәсіпорынға қарасты клиникаға жеткізілген. Компания қаза болған азаматтың отбасына көмектесетінін айтты.

Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бастығы Игілік Әубәкіровтің айтуынша, жұмысшы жарылыстың салдарынан қаза болған.

Атырау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, полиция "Еңбекті қорғау ережесін бұзу" (ҚР ҚК 156-бабы) бойынша тергеу амалдарын бастаған.

Полицияның хабарлауынша, жыл басынан бері Теңіз кенішінде осымен екінші адам қаза болып отыр. 17 қаңтарда түнде Жылыой ауданындағы Теңіз вахта поселкесінде 41 жастағы ер адам пышақ жарақатынан қаза болған. ТШО баспасөз қызметі сол кезде екі жұмысшы төбелескенін хабарлаған. Полиция адам өліміне қатысы бар деген күдікпен 50 жастағы ер адамды ұстаған. Күдікті қамауға алынған.

Еңбек инспекциясы басқармасы мамандарының айтуынша, былтыр кеніште 14 адам өлімі тіркелген.

24 тамызда Теңіз кенішіндегі Өркен вахта поселкесінің аумағында ТШО-ға еншілес "ҚазТурбоЖөндеу" (Intradel Projects) компаниясы жұмысшысының мәйіті табылған. 6 шілдеде Теңіз кенішінде құбыр жарылып, "Сенімді құрылыс" компаниясының екі жұмысшысы қаза болған, тағы үш адам жарақаттанған.

Теңіз кеніші Атыраудан 340 шақырым жерде. Оны игеретін "Теңізшевройл" Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істейді. "Теңізшевройл" мұнай өңдеу концерніне Chevron (50 % акция), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), қазақстандық "ҚазМұнайГаз" (20%) және LUKArco (5%) компаниясы кіреді. "Вест Дала" (West Dala) компаниясы ТШО-мен 2012 жылдан бері әріптестік орнатып келеді. Компания оған өндірістегі қалдықтарды игеру және тұтыну қызметін көрсетеді.

Қазақстанда өндірілетін мұнайдың үштен бірі Теңізден шығады.

XS
SM
MD
LG