Accessibility links

Түркияда "үйінді астында қалған екі қазақстандықты құтқару үшін кран керек екені" хабарланды


Түркияда үйінді аршып жатқан мамандар.
Түркияда үйінді аршып жатқан мамандар.

Түркияда жоғалып кеткен Қазақстанның екі азаматы – Мирус Құрмашев пен Әділ Қадырбеков қайда екені анықталған. Бірақ құтқарушылар оларға жете алмай жатыр. Ғимарат опырылып құлап кетуі ықтимал. Олардың туыстары кран, дрон, тепловизор керек екенін айтып, көмек сұрады. Құрмашевтің бауыры Алмат Құрмашев пен Astana Hub технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиевке сүйенген Orda.kz осылай деп хабарлады.

Мирус Құрмашевтің бауыры Алмат үйдің шатырын көтеріп, аршу үшін кран болмай жатқанын айтып, көмек сұрады.

"Әлі кран іздеп жатырмыз. Бізге 70 тоннаны көтеретін кран керек. Одан кейін FPV дроны немесе камерасы бар машина қашықтан басқарылатын машина керек. Оны қосып, ғимараттың төбесіне ұшырып, қалай жетуге болатынын көру керек. Тыңдау үшін тепловизор, дыбыс жабдықтары керек. Осыны беретін таныстарыңыз болса, алғыс айтар едік" деді Алмат Құрмашев.

Түркияда үйінді астында қалған қазақстандықтарды құтқару үшін құрылған Telegram-дағы @rescuekz арнасы кейінгі видеоларының бірінде "үміт біртіндеп үзіле бастағанын, ешқандай техника берілмегенін" хабарлады. Видео жергілікті уақыт бойынша сағат 6-да (Алматы уақытымен таңертеңгі сағат 9) жазылғанға ұқсайды.

"Әлеуметтік желі арқылы кран іздеп жатқанымызға бес сағаттан асты. Біздің достарымыз үйінді астында жатыр. Өкінішке қарай, ешқандай техника берілген жоқ. Құтқарушылар да жоқ. Амал не, үмітіміз сөніп барады. Шынымды айтсам, не істеу керек екенін де білмей отырмын. Ойымызға келген нәрсенің бәрін жасап көрдік. Таңертеңгі 8-ге дейін техника мен адамдар әкеледі деп үміттенеміз. Мұнда өте суық. Қалың киініп алғанмын, сонда тоңып жатырмын. Ол жақтағылардың халін елестету тіпті қиын" деді Алмат Құрмашев.

Оның айтуынша, Мирус Құрмашев пен Әділ Қадырбеков 6 метр үйінді астында қалған. Бір күн бұрын сол жерден Сәбина Мамадирова құтқарылған еді.

Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, оқиға орнында "барлық техника, кран, экскаватор бар, тек құтқарушылар таң атуын күтіп отыр. Себебі ана ғимаратты түртсе, опырылып құлайын деп тұр. Құтқарушылар барынша көмектесуге тырысып жатыр".

Түркия мен Сирияда 6 ақпанда болған жойқын жер сілкінісінен қаза болғандар саны 12 мыңнан асты. Түркияда зардап шеккендер 53 мыңнан асқан. Сирияда зардап шеккендер саны туралы мәлімет жоқ.

Қазақстан СІМ Түркияда жер сілкінісінен кейін үш қазақстандық азамат жоғалып кеткенін хабарлаған. Бір күн бұрын Антакия қаласында үйінді астынан Сәбина Мамадиярова құтқарылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG