Accessibility links

Украинада берен кеудеше тігіп жүрген қазақ азаматы өндірісті тоқтатып, баспанасыз қалғандарға модульді үй салатынын айтты


Мәдина Каттер, Украинада берен кеудеше тігіп жүрген қазақстандық. Forbes.kz сайтының YouTube-тегі арнасындағы видеодан алынған скриншот.
Мәдина Каттер, Украинада берен кеудеше тігіп жүрген қазақстандық. Forbes.kz сайтының YouTube-тегі арнасындағы видеодан алынған скриншот.

Украинада берен кеудеше (бронежилет) тігіп жүрген Қазақстан азаматы Мәдина Каттер өндірісті тоқтатып, соғыстың салдарынан баспанасыз қалғандарға модульді үй салумен айналысатынын хабарлады. Бұл жөнінде Forbes.kz сайты жазды.

"Біз 600-ден астам берен кеудеше тіктік. Алайда компанияны жабуды ұйғардық. Бірақ мұнымен Украинаға көмектесуді доғармаймыз. Мен RE:Ukraine жобасымен айналысып жатырмын, баспанасыз қалған украиндерге модульді үй салғымыз келеді" деді Мәдина Каттер Forbes.kz-ке берген сұхбатында.

Азаттық бұған дейін қазақстандық 27 жастағы Мәдина Каттердің соғыс басталғаннан кейін Германиядағы жұмысын тастап, Украинаға барып, берен жилет тіге бастағанын жазған. Ол "Егер Украина соғыста жеңілсе, келесі кезек Қазақстанға келеді. Ресей Қазақстанды басып алуға күш салатынына күмәнім жоқ" деген еді.

Украинада бронежилет өндіріп жүрген қазақстандық Мәдина Каттер
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

"Украина өзін ғана қорғап отырған жоқ, бүкіл өркениетті әлем сүйенген демократиялық құндылықтарды да қорғап отыр. Украинадағы соғыс – бір мемлекетке ғана емес, демократия құндылықтарын бағалайтын халықтарға да қарсы соғыс" деп те айтқан.

Forbes-тің жазуынша, былтыр қыркүйекте Мәдина Каттер немістің Forbes журналындағы "30-ға дейінгі 30" рейтингісіне енген. Бұдан соң ол неміс бизнес-қауымдастығы құрамына қосылып, украиндерге ақша жинау ісі ілгерілеген. Мәдина Каттер басылымға берген сұхбатында алдағы уақытта украиндерге 900 мың долларға баспана салып беруді жоспарлап отырғанын айтқан.

Бұрын Алматыда тұрған Мәдина КИМЭП-ті бітірген. Содан кейін Австрияға оқуға кеткен. Көп ұзамай оны Германияға жұмысқа шақырып, бірнеше жыл венчур сәулетші болып еңбек еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG