Түркияның Қаһраманмараш қаласында жер сілкінісінен соң тағы бір қазақстандықпен байланыс үзілген. Қазір Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің өкілі оны түрік құтқарушыларымен бірге іздеп жатыр. Бұл жөнінде 10 ақпанда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.
– Ол 6 ақпаннан бері байланысқа шықпады. Тұратын жері –Қаһраманмараш қаласы. Әпкесі министрліктің жедел желісіне хабарласқаннан кейін оны іздеу жұмыстарын бастадық. Қазіргі уақытта Қазақстан елшілігінің қызметкері осы қалаға барып, оны түрік құтқарушыларымен бірге іздеп жатыр, – деді Айбек Смадияров.
Бұған дейін Adyrna.kz сайты Қаһраманмараш қаласында тұратын 1976 жылғы Жанар Жақсыбековаға іздеу салынғанын хабарлаған. Министрлік өкілі жұма күнгі брифинг кезінде іздеу салынған азаматтың аты-жөнін айтпады.
Бұған дейін Түркияда жер сілкінісі кезінде Қазақстанның екі азаматы қаза тапқаны белгілі болған. 9 ақпанда түнде Әділ Қадырбековтің денесі шығарылды. Ақпаратқа қарағанда, ол зілзала болған сәтте қаза тапқан. Бірнеше сағаттан соң құтқарушылар үйінді астынан қазақстандық Мирболат Құрмашевтың денесін тапты. Қазақстан СІМ қазақстандықтардың денесін елге жеткізуге көмектесетінін айтты.
Хатай провинциясында екі күн бұрын құтқарушылар қираған үй астынан қазақстандық Сәбина Мамадиярованы тірі алып шыққан.
"Мамадиярова қазір Адана қаласындағы мемлекеттік ауруханада жатыр. Кеше(9 ақпанда) оның зақымдалған қолына операция жасалды. Денсаулығы тұрақты. Дипломаттар дәрігерлермен тұрақты түрде байланысып отыр. Қажет медициналық көмек беріліп жатыр. Бүгін консул оған жеке барып қайтады" деді 10 ақпан күнгі брифинг кезінде Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, Түркияда жер сілкінгеннен кейін министрліктің тәулік бойы істейтін жедел желісіне 1000-нан астам қоңырау келіп түскен. Басым бөлігі Түркия аумағындағы туыстарын табуға көмектесуді өтінген. Қазақстанның Түркиядағы дипломаттарына да қоңыраулар мен өтініштер түскен. Дипломаттар бірнеше күн ішінде 150-ден астам қазақстандықтың орнын анықтауға көмектескен.
6 ақпаннан бері Түркияда Қазақстанның 124 азаматы қауіпсіз жерге көшірілген, 58-і Астанаға жеткізілген. Смадияров "Құжаттарын жоғалтқан қазақстандықтарға елшілік көмектесіп жатыр" деді.
6 ақпанда таңертең Түркияның оңтүстігінде болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны сағат сайын артып барады. Кейінгі мәліметке қарағанда, Түркия мен Сирияда 21 мыңнан астам адам опат болған.
ПІКІРЛЕР