Accessibility links

Екібастұз-Ақадыр электр желісіндегі апат Қазақстанның алты өңіріне әсер етті


Бейтарап сурет
Бейтарап сурет

13 ақпанда Екібастұз-Ақадыр электр желісіндегі апат Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Жетісу облыстарын электр қуатымен қамтамасыз етуге әсер етті. Ақпаратты "КЕGOC" компаниясының баспасөз қызметі таратты.

"13 ақпанда сағат 09.23-те Екібастұз-Ақадыр электр желісі технологиялық қорғаныс арқылы апат жағдайында ажырады. Соның салдарынан Алматы, Жамбыл, Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды облыстарына 600 МВт электр қуаты жетпеді (тұтыныстың шамамен 10 пайызы)" деп хабарлады "KEGOC" АҚ баспасөз қызметі.

Компания хабарына қарағанда, "KEGOC" АҚ электр желілерінің апатқа қарсы автоматикасы штаттық режимде іске қосылған, соның арқасында Қазақстанның оңтүстік және орталық өңірлері электр қуатынан толық ажырамаған.

"Ажыратылған тұтынушыларды электрмен жабдықтауды қалпына келтіру мақсатында оңтүстік өңірдің электр станцияларының жүктемесін толықтай көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Электр жеткізу желісіндегі зақымды анықтау мен жою үшін жөндеу бригадалары ұйымдастырылды" дейді баспасөз қызметі.

Кейінірек энергетика министрлігінің баспасөз қызметі энергия тапшылығы өнеркәсіп кәсіпорындарында ғана қалды деп хабарлады.

"Сағат 12.00-дегі жағдай бойынша, "Қазфосфат", "АрселорМиттал Теміртау", "Қазақмыс" корпорациясы" кәсіпорындарында ғана электр қуаты шектеліп тұр" деді министрлік өкілдері.

Кейінгі жылдары Қазақстанда электр энергиясы тапшылығы байқала бастаған. Билік оны халық пен бизнестің электр қуатын тұтыну деңгейі өскенінен, энергетика инфрақұрылымы тозғанынан және "астыртын майнерлер" көбейгенінен деп түсіндіреді.

Ақпанның басында үкімет энергетика министрлігіне энергия тапшылығын жою үшін жедел шара қолға алуды тапсырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG