Орталық сайлау комиссиясы 14 ақпанда "Байтақ" партиясының мәжіліс сайлауына түсетін 18 кандидатының тізімін тіркеді. Тізімнің 38,7 пайызы (жеті адам) – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар.
ОСК өкілі Сәбила Мұстафина "тізімге енгізілген барлық адам ҚР Конституциясы мен "Сайлау туралы" заңының талаптарына сәйкес" деді.
Партия сонымен бірге 18 кандидатқа 18 млн 900 мың теңге көлемінде сайлау жарнасын төлеген. Ақпаратқа қарағанда, партия 2021 жылғы қаңтар айындағы парламент сайлауына қатыспағандықтан, осынша көлемде жарна төлеп отыр.
Партия 2022 жылғы қарашада ресми түрде тіркелді. Биыл қаңтарда жаңадан тіркелген екінші партия – Respublica өкілдерімен бірге мәслихат сайлауына қатысуға рұқсат алған. Оның алдында бұл партиялардың аймақтарда бөлімшелері болмағаны себепті мәслихат сайлауына қатыса алмайтыны айтылған еді. Кейін партиялар аймақтардан бөлімшелерін ашқан.
"Байтақ" өзін жасылдар партиясы ретінде көрсетуге тырысады және бірінші кезекте экология мәселелерін қозғауға уәде берген.
Ақпанның басында "Байтақтың" съезінде дау туып, партия мүшелерінің бірі тізімге өзінің орнына бұрынғы депутаттың баласын кіргізіп жібергенін айтқан.
Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) пен мәслихатты сайлау 19 наурызда өтеді. Елде кандидаттарды ұсыну кезеңі 8 ақпанда аяқталған. Кандидаттарды тіркеу 18 ақпанға дейін жалғасады.
ОСК мәліметінше, елде тіркелген жеті саяси партия партиялық тізіммен 283 кандидат ұсынған. Шамамен үштен бірі – "Аманат" мүшелері.
Мәжіліс сайлауына бірмандатты сайлау округтері бойынша 609 кандидат ұсынылған. 79 кандидатты партиялар, тағы бес кандидатты төрт қоғамдық бірлестік ұсынған. Қалғаны – өзін-өзі ұсынғандар.
Бірмандатты округтер бойынша сайлауға түсетінін азаматтық белсенділер де мәлімдеген. Кейбірінің өтініші қабылданбады. Кей сарапшылар билік түрлі сылтаумен тәуелсіз кандидаттарды тіркемейді деп болжаған.
Бұған дейін ОСК "Ауыл" мен Қазақстан халық партиясының партиялық тізімін тіркеген.