Accessibility links

ҰҚК шекара қызметінің басшысы Челахтың үндеуі туралы: Не айтуы мүмкін екенін білмеймін. Толық тергеу жүргізілді


Владислав Челах.
Владислав Челах.

16 ақпанда ҰҚК шекара қызметінің басшысы Ерлан Алдажұманов Арқанкерген оқиғасы бойынша өмір бойына сотталған Владислав Челахтың үндеуіне байланысты журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол ҰҚК шекара қызметінің ұстанымы "тергеудің ресми қорытындысына сәйкес келеді" деп мәлімдеді. Ол Арқанкерген оқиғасына байланысты қылмыстық іс әу бастан-ақ толық тергеліп, ойдағыдай жүргізілді деп есептейді.

"Ол [Челах] не айтқысы келетінін білмеймін. Қылмыстық іс жүрді, тергеу толық көлемде жүргізілді. Іс логикалық соңына жетті. Егер қандай да бір мәлімдемелер болса, қолымызға түсуіне қарай көрейік" деді ол.

"Арқанкерген бекеті қазір бар ма?" деген сұраққа "жазда тауға жол ашылған кезде қажетіне қарай ол да ашылуы мүмкін" деді.

2012 жылы Арқанкерген шекара бекетінде 15 адамды өлтірді деген айыппен өмір бойына сотталған Владислав Челах былтыр желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, тергеу процесін қайта жүргізуді сұраған. Ол 2012 жылы мамырда 15 адамды өлтірмегенін, шекара бекетіне "шабуыл жасалғанын", өзін "заңсыз соттағанын" және "шындықты ашуға дайын" екенін айтқан.

Челахтың үндеуінен кейін бас прокуратура "қылмыстық іс материалдары әскери соттан алынады, Челахтың айтқандары тексеріледі" деп мәлімдеген еді.

Челахтың туыстарының айтуынша, бас прокуратура жуырда Челахтқа "істі қайта тергеуге негіз жоқ" деп жауап берген. Ведомство тексеру қорытындысын айтудан бас тартқан.

2012 жылғы 28 мамырда Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекарадағы Арқанкерген бекетінде 15 адам – 14 әскери қызметкер мен жақын маңдағы аңшылық шаруашылығының инспекторы қаза тапты. Қылмысқа Қарағандының тумасы, әскерде міндетті азаматтық борышын өтеп жүрген жауынгер Владислав Челах кінәлі деп танылды. Ол 2013 жылғы наурыздан бастап өмір бойына түрме жазасын өтеп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG