Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Екібастұзда радиаторы жарылған үйде өлі күйде табылған ерлі-зайыптыға қатысты пікір білдірді. Бұған дейін полиция "ерлі-зайыпты ток соққаннан қаза болғанын" айтқан. Болжамға қарағанда, олар бірнеше рет шағымданса да, жылу батареяларын жөндете алмай, ақыры үй ішін дербес жылыту құралдарымен жылытпақ болып, токқа ұрынған болуы мүмкін. Сот-медицина зерттеуінің алдын ала нәтижесі екі адам "ток соққаннан өлгенін" көрсеткен.
17 ақпанда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Роман Скляр оқиғадан хабардар екенін жеткізді. "Ерлі-зайыптының өліміне кім жауап береді?" деген сұраққа вице-премер:
"ІІМ қылмыстық іс қозғады. Сол себепті қорытындысы дайын болғанда, тиісті ақпарат береді. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол бірқабатты тұрғын үйде болған. Ондай жерде, әрине, пәтер иелері кооперативі болмайды. Ол үйде батарея жарылып, ыстық су аққан. Бүлінген сымдар болған. Енді тергеу органдары мәселе неден болғанын, [ерлі-зайыпты] кімді шақырғанын, кім жөндемегенін анықтайды" деп жауап берді.
"Өзіңіз бақылауға алмайсыз ба?" деген сұраққа "жоқ" деді. Себебін сұрағанда, "бұл – маған қойылатын сұрақ емес" деді.
Бірнеше күн бұрын Екібастұздағы жеке үйлердің бірінде 63 жастағы Александр Сергеенко мен оның әйелі 57 жастағы Анна өлі күйде табылған еді. Полицияның ақпаратынша, құтқарушылар мен коммуналдық қызмет жұмысшылары үйдің залында "сымдары бүлінген электр жылытқыш тұрғанын көрген".
16 ақпанда қаза болған ерлі-зайыптының көршілері Азаттыққа өткен айда ерлі-зайыптының орталық жылу жүйесіне қосылған батареяларынан су аққанын, олар "Екібастұзжылуэнергия" компаниясының апат қызметіне бірнеше рет хабарласса да, мәселе сол күйі шешілмегенін айтқан. Ал "Екібастұзжылуэнергия" ресми жауабында ерлі-зайыпты мекемеге "бір рет қана хабарласқанын, мамандар мекенжайға барып, мәселені шеше алмағанын" айтқан.
Биылғы жылу маусымы кезінде Қазақстанның бірнеше аймағында құбырлар істен шығып, тұрғындардың жылусыз қалуы жиілеген. Қазанның аяғында Екібастұз жылу электр орталығында ірі апат болып, жүздеген үй қақаған суықта жылусыз қалды. Қазақстан билігі елдегі жылу жүйелерінің 70-90 пайызға жуығы тозғанын мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР