Accessibility links

Мәслихат сайлауы: Қаңтар бойынша айыпталған белсенді Қосай Маханбаев кандидат куәлігін алды


Белсенді Қосай Маханбаев (оң жақта) және адвокаты Айдынғали Табылдиев. Алматы, 17 ақпан, 2023 жыл.
Белсенді Қосай Маханбаев (оң жақта) және адвокаты Айдынғали Табылдиев. Алматы, 17 ақпан, 2023 жыл.

Қаңтар бойынша айыпталған белсенді Қосай Маханбаев мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркеліп, куәлік алды. 17 ақпанда жергілікті сайлау комиссиясы Қаңтар бойынша айыпталған Әйгерім Тілеужанды да мәжіліс депутаттығына үміткер талаптарына сәйкес келеді деп таныды. Белсенді кандидат куәлігін сайлау жарнасын төлеген соң алады.

Қаңтар бойынша айыпталып, қазір үйқамақта отырған Қосай Маханбаевтың куәлік алғаны 17 ақпанда белгілі болды. Оған берілген куәлікте белсенді "Алматы қаласындағы N8 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша Алматы қалалық мәслихаты депутаттығына өзін-өзі ұсыну тәртібімен кандидат ретінде тіркелді" деп жазылған. Куәлік 17 ақпанда берілген.

Үйқамақ шарты бойынша, ол ақпарат құралдарына сұхбат бере алмайды.

17 ақпанда Әуезов ауданының аймақтық сайлау комиссиясының өкілдері Қаңтар бойынша айыпталған тағы бір белсенді, қазір үйқамақта отырған Әйгерім Тілеужан "мәжіліс депутаттығына үміткерлерге қойылатын талаптарға сай" деген шешім шығарды. Комиссия отырысына жергілікті азаматтық белсенділер де қатысты. Отырыста комиссия төрайымы Салтанат Есдәулетова Әйгерім Тілеужан кейінгі 10 жылда Қазақстан аумағында тұрғанын, қазір бас бостандығынан айыру орнында отырмағанын, сот әрекетке қабілетсіз деп танымағанын, өтелмеген соттылығы жоғын және өзге де жайттарды атап өтті.

Белсенді Әлнұр Ілияшевтің айтуынша, Әйгерім Тілеужан енді декларация тапсырып, сайлау жарнасын төлегеннен кейін кандидат куәлігін алуы керек. Оның кандидаттарды тіркеу процесі аяқталатын 18 ақпан күнгі сағат 18.00-ге дейін уақыты бар.

"Қаңтар қырғынынан соң азапталдым" деген алматылық Қосай Маханбаев Алматыдағы оқиға кезінде президент резиденциясына шабуыл жасағандардың қатарында болды деген күдікке ілінген еді. Адвокатының сөзінше, желтоқсанның басында тергеу оған Қылмыстық кодекстің 269-бабының 3-тармағы ("Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу") бойынша айып таққан. Бұл – Қылмыстық кодекстегі ең ауыр баптардың бірі. Белсенді айыпты мойындамайды. Адвокат "Маханбаевқа ауыр қылмыс бойынша айып тағу негізсіз, себебі ол тәртіпсіздікке қатыспады, тек экономикалық-әлеуметтік мәселелерді айтты" деп есептейді.

Былтыр қазанда Алматы прокуратурасы Маханбаевтың шағымынан кейін қозғалған азаптау ісін тоқтатқан.

Журналист Әйгерім Тілеужан 2022 жылы қараша айында Қаңтар оқиғасына байланысты күдікте ретінде сот шешімімен үйқамаққа алынған. Бірнеше ай бойы оны "Алматы әуежайын басып алмақ болғандар ісі бойынша" қылмыстық іске куәгер ретінде тартып, кейін күдікті санатына ауыстырған. Елдегі қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты пікірін ашық айтып жүрген белсенді өзіне тағылған айыптарға қарсы.

  • Былтыр 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газдың қымбаттағанына қарсы наразылыққа шықты. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт митингілер өткен. Кейін наразылық тәртіпсіздікке ұласып, кемі 238 адам қаза тапты.
  • Бас прокуратураның мәліметінше, Қаңтарға қатысты 5 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған, басым бөлігіне үкім оқылған. Бұған дейін құқық қорғаушылар айыпталушылар арасында азаматтық белсенділер барына да алаңдаған. Олардың пікірінше, билік оқиғаны пайдаланып, өздерін сынап жүрген белсенділердің "әрекетін шектегісі" келеді. Ал билік елде саяси қудалау барын мойындамайды.
  • Қазақстанда кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді. Мәжіліс сайлауына бірмандатты сайлау округтері бойынша 609 кандидат ұсынылған. 79 кандидатты партиялар, тағы бес кандидатты төрт қоғамдық бірлестік ұсынған. Қалғаны – өзін-өзі ұсынғандар. Түрлі деңгейдегі мәслихаттарға барлығы 12 мыңға жуық кандидат ұсынылған.
  • Бұған дейін бірмандатты округтер бойынша сайлауға түсетінін өзге азаматтық белсенділер де мәлімдеген. Кейбірінің өтініші қабылданбады. Кей сарапшылар билік түрлі сылтаумен тәуелсіз кандидаттарды тіркемейді деп болжаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG