Accessibility links

"Назарбаевқа бағытталған кезекті соққы" және Мәскеудің Батыс компанияларын "қаралау науқаны"


Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев коронавирусқа қарсы вакцина салғызып жатыр. Маусым, 2021 жыл. Сурет Nazarbayev.kz сайтынан алынған.
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев коронавирусқа қарсы вакцина салғызып жатыр. Маусым, 2021 жыл. Сурет Nazarbayev.kz сайтынан алынған.

Қазақстан прокуратурасы экс-президентке қатысы бар Jusan тобының активтерін елге қайтаруды көздейді, бұл Назарбаевқа бағытталған соққы ма? Мәскеу Қазақстан халқын елде мұнай өндіретін Батыс компанияларына қарсы қоюға әрекеттеніп жатыр, бұл Ресейге не үшін керек? Қазақстан жастарының Ресей жайлы пікірі қандай? Батыс басылымдары бұл аптада осы сұрақтарға жауап іздеді.

РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫН МҰНАЙ ӨНДІРЕТІН БАТЫС КОМПАНИЯЛАРЫНА ҚАРСЫ ҚОЙЫП ЖАТЫР МА?

Саяси сарапшы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымындағы мақалада халықты Батыс Қазақстанда мұнай өндіретін АҚШ пен Еуропа компанияларына қарсы қою әрекеттері байқала бастағанын жазды.

Автор ел экономикасының тірегі мен халықтың әл-ауқатының негізгі көзі саналатын Батыс Қазақстанның экономикасы Ресейге қатты тәуелді дейді. Осы аймақтың ғана емес, бүкіл елдің экономикасы мұнай-газ кен орындарын барлап жүрген Батыстың энергетика компанияларының қызметіне байланысты. Осы Батыс компаниялары өздері өндірген мұнайды нарыққа шығарып сатуды көздейді, ал мұнай тасымалының жолы Ресей арқылы өтеді. Осылайша Батыс энергетика компаниялары да, Қазақстан мұнай өндірушілері де экспортқа келгенде Мәскеуге тәуелді.

Былтыр наурызда Қазақстан тәулігіне 1,7 миллиард баррель мұнай өндірді. Қазақстандағы мұнайдың 80 пайызын, негізінен, АҚШ пен Еуропаның мұнай алпауыттары барлайтын Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындары өндіреді. Қазақстан мұнайының 70 пайызы Еуроодаққа экспортталады.

"Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" консорциумының мұнай инфрақұрылымы.
"Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" консорциумының мұнай инфрақұрылымы.

Тәжуітовтің пайымдауынша, санкция салынғанға дейін Ресей де мұнай-газдың негізгі көлемін Батысқа сатқандықтан, Мәскеу Қазақстандағы Батыс компанияларының рөліне айтарлықтай мән бермеді. Алайда қазір жағдай қатты өзгерді.

Автор бұған дейінгі мақалаларының бірінде "осы жағдайды ескерсек, Мәскеу Батыс Қазақстанда "әлдененің" туындауына ықпал етуі мүмкін деп топшылауға болады" деп жазған. Тәжуітов қазірдің өзінде сол нәрсе болып жатқандай дейді.

Автор бұған дәлел ретінде Eurasia.expert басылымындағы "Экономист Қазақстан экономикасын Батыс қалай тұрақсыздандыратынын түсіндірді" деген мақаладағы белгілі ресейлік экономист Василий Колташовтың мына пікірін келтіреді:

"Экономикадағы маңызды салаларды, оның ішінде табиғи қазба байлықтарын өндіруді шетел бақылайтындықтан, 2021 жылы әлемде мұнай бағасы көтерілген тұста Қазақстанда ереуілдер болып жатты. Мұнай компанияларының табысы өсті, олар көп пайда тапты. Бірақ мұнайшылар үнемі ереуілге шығып жүрді, себебі оларға жалақы төлемейтін, оларды жұмыстан шығаратын... Мұндай бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жоқ. Бұл 2021 жылдың желтоқсанындағы наразылық пен 2022 жылдың қаңтарындағы азаматтық соғысқа алып келді...".

Тәжуітов Колташев Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік үшін кінәні Батыс компанияларына ысырды дейді. Осылайша "Ресей экономисі Батыстың мұнай компанияларын қазақ халқын қанаушы деп көрсетті". "Бұл тек басы болуы мүмкін. Ресей Батыс Қазақстанда жұмыс істейтін Батыс мұнай компанияларын Қазақстан халқының алдында қаралау науқанын бастаған тәрізді. Қазақстан ақпарат кеңістігін Ресей ақпарат құралдары бақылайтынын ескерсек, мұның салдары ауыр болуы мүмкін" дейді автор.

Автор мақаласын сенат депутаты болған Жандарбек Кәкішевтің Батыс Қазақстанға көңіл бөлінбесе, оның арты неге апарып соқтыруы мүмкін екенін болжаған пікірімен аяқтайды. Кәкішев "жұмыссыз немесе жалақысы аз жастар ертең көтеріліп, астаналық олигархтардың мүлкін күштеп артып алуы мүмкін. Ал оның арғы күні шетелдік компанияларға қарсы шығуы мүмкін" деп қайырады.

JUSAN ТОБЫ АКТИВТЕРІН ЕЛГЕ ҚАЙТАРУ ТАЛАБЫ ЭКС-ПРЕЗИДЕНТКЕ ЖАСАЛҒАН СОҚҚЫ МА?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев тұсында тамыр жайған клан капитализмін жою науқанын жүргізіп жатқанда, оның тергеушілері Назарбаев отбасымен байланысы бар банкке назарды бұрды" деп жазады Eurasianet басылымы.

Прокуратураның мәліметіне қарағанда, активтер жөнінен елдегі алтыншы ірі банк First Heartland Jusan Bank мемлекеттен миллиардтаған доллар көмек алған соң, шетел юрисдикциясына өтіп кеткен. Прокуратура осы мәміленің күшін жою жөнінде сотқа талап арыз түсірді.

Қарай отырыңыз: Прокуратура Jusan Bank-тің шетелдегі акциясын кімнен қайтармақ? (17 ақпан 2023 жыл).

Прокуратура Jusan Bank-тің шетелдегі акциясын кімнен қайтармақ?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

Бас прокуратура "банк секторындағы тергеу Jusan тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасын анықтағанын, Jusan тобының активтері шетелде тіркелген ұйымдарға көлеңкелі жолмен өтіп кеткенін" мәлімдеді. Бұл ретте прокуратура 2020 жылғы сәуірде Pioneer Capital Invest ЖШС акционерлері Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясына беруді мақұлдау туралы шешім шығарғанына сілтеді.

Мақала авторы, Алматыда тұратын британ журналисі Джоанна Лиллистің жазуынша, Ұлыбританияда компанияларды тіркейтін үкіметтік агенттік сол уақытта Jusan Bank-тің бірнеше жоғары лауазымды қызметкерін Jusan Technologies-тегі "елеулі бақылауға ие тұлғалар" деп көрсеткен. Олардың арасында былтыр сәуірде Jusan Bank басқарма төрағасы қызметінен, артынша Jusan Technologies басқармасынан кеткен Ербол Орынбаев бар.

Jusan Bank-тің 79 пайыз акциясына First Heartland Securities компаниясы, 20 пайыз акциясына Ахметжан Есімовтің күйеубаласы, кәсіпкер Ғалымжан Есенов иелік етеді. Ал "банкті Лондондағы юрисдикцияға берген Pioneer Capital Invest компаниясы Назарбаев қорына тиесілі.

Былтыр қаңтарда Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) жариялаған зерттеуде Назарбаев қайырымдылық қорлары мен онымен байланысы бар ұйымдар құны 7,8 миллиард доллар активтерге иелік ететіні жазылған. Назарбаев қоры мұны жоққа шығарып, Назарбаев университет пен Назарбаев зияткерлік мектептерін қаржыландыратын эндаумент қор (коммерциялық емес мақсатты көздейтін қор – ред.) екенін мәлімдеген.

Джоанна Лиллис OCCRP зерттеуі экс-президент Назарбаевтың туыстары мен жақындары Қаңтар оқиғасындағы зорлық-зомбылықты ұйымдастыруға қатысы бар деген күдік қоюланып, Назарбаев "жұлдызы сөне бастаған уақытта" жарияланғанын келтіреді. Назарбаев содан бері бірқатар өкілетінен айырылды.

16 ақпан күні Jusan Bank-тің ірі акционері First Heartland Securities АҚ-ға иелік ететін Ұлыбританияда орналасқан Jusan Technologies ltd мен оның ірі акционері, АҚШ-тың Невада штатында тіркелген Jysan Holding компаниясы Невада штатының федерациялық округі сотына Қазақстан үкіметінің үстінен шағым түсіргені хабарланды. Jysan Holding өз шағымында Қазақстан үкіметін "өзінің және үкіметке қатысы бар тұлғалардың жеке бас пайдасына компанияның 1,5 миллиард доллар активін тартып алу үшін қорқытып-үркіту науқанын жүргізді" деп айыптайды.

Бас прокуратураның банк секторына тексеріс жүргізуіне Тоқаевтың былтыр заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша құрған комиссияның жұмысы түрткі болды. Прокуратура "Jusan тобының активтерін басқаруды Қазақстан құзырына қайтаруды" көздейтінін мәлімдеді. Джоанна Лиллис Тоқаевтың активтерді қайтару бағдарламасында ашықтық жоқ, сондықтан қаржы институты мен осы топпен байланысты басқа компаниялардың болашақ меншік құрылымына бұл қалай әсер ететіні белгісіз деп қорытады.

СОҒЫС ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАСТАРДЫҢ РЕСЕЙ ЖАЙЛЫ ПІКІРІН ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТТІ?

"Орталық Азия елдері Мәскеумен әлі де тығыз қарым-қатынас ұстанады, алайда бұл мемлекеттердің жастары Ресеймен арадағы одақтарға күмән келтіреді" деп жазады әл-Жазира телеарнасы.

Орталық Азия тұрғындарының Ресей туралы пікірін көрсететін сауалнамалар өте сирек жүргізіледі. Бұған дейін мұндай зерттеуді былтыр қыркүйек айында аймақтағы "Орталық Азия барометрі" тобы Қазақстан мен Қырғызстанда жүргізді.

Сауалнама нәтижесіне қарағанда, сұралған қазақстандықтардың 28 пайызы ғана Ресейді соғыс үшін айыптаған, 19 пайызы жауапкершілікті Украинаға жүктеген. Ал әрбір оныншы респондент бұған екі жақ та жауапты деген.

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 88 пайызы Ресеймен тығыз қарым-қатынасты қолдаған, 6 пайызы оған қарсы шыққан.

"Ресей жайлы пікір әлі де, негізінен, жағымды" дейді Carnegie Politika талдау орталығының сарапшысы Темур Умаров. Алайда жастардың көзқарасы басқа. "Сауалнамаға қатысқандар неғұрлым жас болса, олардың Ресейге деген көзқарасы соғұрлым нашар болады, өйткені олар тәуелсіз және әртүрлі онлайн БАҚ оқиды" дейді Темур Умаров.

әл-Жазира жастардың көзқарасына Ресей саясаткерлерінің Қазақстанға қарата айтатын даулы мәлімдемелері де әсер етеді дейді. Алайда телеарнаға сұхбат берген жастар Ресей жайлы пікірдің өзгеруіне Мәскеудің Украинада жасаған қатыгез әрекеттері себеп болғанын айтқан.

32 жастағы Алматы тұрғыны, банк кассирі Серік Тәліпжанов орыс тілін өзінің ана тілі деп есептейді. Бірақ оның Ресей туралы пікірі былтыр орыс әскерилерінің Бучада жасаған зұлымдығынан кейін өзгерген. "Ресейге келгенде аңғал болыппын. Саяси ахуал нашарласа да, мәдениет оның орнын толтырады деп ойладым" дейді ол.

әл-Жазира Бучадағы зұлымдықтан кейін "Путиннің жауыз екеніне көз жеткізген" басқа да жастардың пікірін келтіреді.

Сарапшылар Ресей Украинадағы соғыспен жүргенде, аймақтағы басқа ойыншылардың ықпалы артқанын алға тартады. Лондондағы Central Asia Due Diligence консалтинг компаниясының жетекшісі Әлішер Илхамов босап қалған кеңістікті Қытай мен Түркия толтыруға тырысқанымен, Ресей аймақта әлі де ықпалын сақтап отыр, оны жете бағаламауға болмайды деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG