Accessibility links

Reuters: Қазақстан наурызда Германияға "Достық" құбыры арқылы 100 мың тонна мұнай тасымалдайды


Германияның Шведт қаласындағы мұнау өңдеу зауыты.
Германияның Шведт қаласындағы мұнау өңдеу зауыты.

Қазақстан наурыз айында Германияға Ресейдің "Достық" құбыры арқылы 100 мың тонна мұнай тасымалдайды, оған дейін тараптар коммерциялық және құқықтық мәселелерді шешеді. Бұл жөнінде келіссөзден хабары бар екі дереккөзге сүйенген Reuters хабарлады.

Reuters-тің жазуынша, "ҚазМұнайГаз" (ҚМГ) ұлттық компаниясы ресейлік "Транснефтьтің" құбыр жүйесі арқылы немістің Шведт қаласындағы өңдеу зауытына мұнай жеткізуі мүмкін. Дереккөздердің айтуынша, негізгі көлемі Батыс Қазақстан облысы Қарашығанақ кенішінен тасымалданады. ҚМГ-ның осы ірі кенішті игеріп жатқан Karaсhaganak Petroleum Operating компаниясында үлесі бар.

Дереккөздердің айтуынша, мұнайды Rosneft Deutschland компаниясы тасымалдайды, оны басқаруды Германия үкіметі жергілікті реттеу органына берген.

Германия қаңтардан бастап санкцияға байланысты "Достық" арқылы тасымалданатын Ресей мұнайын импорттауды тоқтатқан. Берлин Шведттегі мұнай өңдеу зауытын балама жолдар арқылы шикізатпен қамтамасыз етуге күш салып жатыр.

Мұнай өңдеу зауытының өкілі Reuters-ке жолдаған жазбаша жауабында мәселеге қатысы бар мұнай компаниялары мен Қазақстан жағы арасында Қазақстаннан қосымша мұнай тасымалдау туралы келіссөз жалғасып жатқанын растаған.

Германияның Шведт және Лейпциг түбіндегі Лойн мұнай өңдеу зауыттары қазір поляктың Гданськ және немістің Росток қалаларынан келетін ресейлік емес мұнайды пайдаланып отыр. Алайда аталған екі зауытқа бұл жетпейді.

Дереккөздердің хабарлауынша, Қазақстан бастапқыда Германияға 2023 жылы қаңтарда мұнай экспорттауды жоспарлаған, алайда келіссөздер коммерциялық және құқықтық мәселелерге байланысты шегерілген.

"Роснефть", "ҚазМұнайГаз", "Транснефть", Karaсhaganak Petroleum Operating және Қазақстан энергетика министрлігі Reuters-ке түсініктеме бермеген. Ресей энергетика министрлігі де жауап бермеген.

XS
SM
MD
LG