Accessibility links

"Навальный" деректі фильмі BAFTA сыйлығын жеңіп алды


Film Sundance Navalny
Film Sundance Navalny

Канада режиссері Дэниэл Роэр түсірген "Навальный" деректі фильмі кино өнері саласындағы Ұлыбританияның басты марапаты – BAFTA​ кино академиясы сыйлығының лауреаты болды. Сыйлық "Үздік деректі фильм" номинациясы бойынша берілген. Жеңімпаздарды жариялау және марапаттау рәсімі 19 ақпанда өтті.

"Навальный" фильмінің премьерасы 2022 жылы қаңтарда болған. Картинада Ресей оппозиционері Алексей Навальныйдың 2020 жылы тамыз айында қалай уланғаны, Германияда емделгені және өз басынан өткен жағдайды зерттегені, Мәскеуге оралып, қамауға алынғаны баяндалған.

Бұған дейін бұл фильмді кино сыншылары да жоғары бағалаған. АҚШ-тың тәуелсіз кино фестивалінде көрермендер "үздік фильм" деп таныған. "Навальный" фильмін АҚШ-тың CNN телеарнасы мен Ұлыбританияның BBC Two телеарнасы және HBO Max стриминг сервисі көрсеткен. Картина "Үздік деректі фильм" номинациясы бойынша "Оскар" сыйлығының шорт-листіне ілінген. Фильм Ресейде көрсетілген жоқ.

  • Алексей Навальный 2020 жылғы тамызда Томскіде уланып, көп уақыт ес-түссіз жатқан еді. Оны серіктері Германияға апарып, емдеген. Бундесвер сарапшылары мен Франция, Швеция мамандары оның анализдерінен тек Ресейде жасалатын "Новичок" уын тапқан. АҚШ пен Еуропа елдері Ресейден Навальный қалай уланғанын мұқият тексеруді талап еткен. Алайда Ресейде қылмыстық іс ашылмастан қалды.
  • Кейіннен халықаралық басылымдар "Навальныйды бірнеше жылдан бері оның ізіне түсіп келе жатқан ФСБ қызметкерлері улаған" деген зерттеу қорытындысын жариялаған. Оппозиционердің өзі Ресей ФСБ-сының қызметкері Константин Кудрявцевпен әңгімесін жариялаған. Бұл әңгімеде улы зат оппозиционердің ішкиіміне Навальный тоқтаған Томск қонақүйінің нөмірінде жағылғаны сөз болған. ФСБ телефон әңгімесін "қолдан жасалған" деп атады.
  • Навальный 2021 жылғы қаңтарда Мәскеуге келісімен қамауға алынып, артынша түрлі айыппен көп жылға сотталған. Оның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша Навальный 30 жылға жуық түрмеде отыруға тиіс. Қазір туыстарымен кездесу құқығынан айырылып, қатаң режимдегі колонияда отыр. Құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG