Accessibility links

Каспий құбыр желісі арқылы мұнай айдау тағы тоқтады. Министр түсініктеме берді


Қазақстан энергетика министрі Болат Ақшолақов Каспий құбыр желісі арқылы мұнай айдау неге тоқтағанын түсіндірді.

"Қара теңізде дауыл қалай болып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Ауа райына байланысты мәселелер туындады. Жүк таситын кемеге не болғанын өздеріңіз көрдіңіздер. Осыған байланысты мұнай айдауға болмайды, бұл қауіпті. Бейсенбі (23 ақпанда – ред.) шамамен сағат 16.00-де ауа райы қалпына келуге тиіс, сол кезде танкерлер акваторияға барып, тией бастайды" деді 22 ақпанда журналистердің сұрақтарына жауап берген министр.

Оның айтуынша, қазір мұнай айдау тоқтағанымен, мұнай өндіру жалғасып жатыр.

Жуырда ресейлік Каспий құбыр желісі консорциумы мұнай айдауды тоқтатқан еді. Компания оқиғаны ауа райына байланысты деп түсіндірген.

Компания өкілдерінің айтуынша, Каспий құбыр желісінің теңіз терминалындағы қоймасы да толып кеткен, онда шамамен 1 млн тонна мұнай бары айтылады.

"Жүк жіберушілерден мұнай құбырының линиялық бөлігінде қалған контейнерлер мен терминалдың қоймасы арқылы мұнай қабылданып жатыр" деп жазылған компания хабарламасында.

Компания өкілдері жағдайға байланысты "КҚК мұнай тасымалдауды тоқтатуға мәжбүр, ол жөнінде қосымша хабарланады" деді.

Қазақстан мұнайының басым бөлігін Ресей аумағы арқылы Еуропаға экспорттайтын Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы былтырдан бері бірнеше рет тоқтаған.

2022 жылғы наурызда Каспий құбыр желісі консорциумы Новороссийск қаласы түбіндегі теңіз портында мұнай тасымалдайтын екі қондырғысы ауа райына байланысты істен шыққанын хабарлаған. Алайда сол кезде немістің Handelsblatt басылымы зерттеу жариялап, Ресей Қазақстан мұнайының Еуропа нарығына шығуына қасақана бөгет келтірген деген тұжырым жасаған.

КҚК құбырының ұзындығы – 1500 шақырым. Қазақстан Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштеріндегі мұнайының 80 пайызын осы құбыр арқылы тасымалдайды.

Құбыр желісіндегі ақау жиілеген шақта Қазақстан билігі мұнай экспорты тасымалын әртараптандыру жөнінде жиі айта бастады. Былтыр қарашада Қазақстан энергетика министрлігі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Баку – Тбилиси – Жейхан бағыты бойынша 1,5 млн тонна мұнай экспорттай бастайтынын, кейін бұл көрсеткішті біртіндеп 6,5 млн тоннаға жеткізуді көздейтінін мәлімдеген.

Бұған қоса, Қазақстан биыл наурызда Германияға ресейлік "Достық" құбыры арқылы 100 мың тонна мұнай тасымалдай бастайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG