Өзін әлдекімдер пышақтап кеткенін жарты жылдан бері полицияға дәлелдей алмай жүрген Қарағанды тұрғыны Константин Роголевский прокуратурадан істі облыс полициясына жіберіп, "лауазымды тұлғаларды әрекетсіздігі үшін" жазалауды сұрап отыр.
Өткен аптада Қарағандының Қазыбек аудандық прокуратурасы істі тоқтату туралы қаулының күшін жойып, қайта қарау туралы жаңа қаулы шығарған. Бірақ істі сол баяғы Михайлов аудандық полициясына жіберген.
Жуырда Азаттық 26 жастағы Қарағанды тұрғыны Константин Роголевский алты айдан бері белгісіз біреу тап беріп, пышақ салғанын дәлелдеуге тырысып жүр деп жазған. Оқиға былтыр 17 шілдеде үйінің маңында болған. Өзінің айтуынша, ол күні Роголевский досымен бірге жер үйінде көлік жөндеген. Сол маңнан өтіп бара жатқан екі жігіт Константиннің итін тілдеп, айқайлай бастаған. Иті аулада байлаулы тұрған. Жігіттер сөзге келіп, үйден Константиннің ата-анасы шыққан соң, тарап кеткен. Біраз уақыттан кейін Константин досымен көлікті тексеруге көшеге шыққанда әлгі екі жігітті көрген. Роголевскийдің айтуынша, олар өзін пышақтап, көлігін айдап кеткен. Кейінірек көлігі жақын маңнан табылған.
Полиция қылмыстық істі тоқтатқан, ал жәбірленуші күдіктіні танып, көрсетсе де, прокуратура полициямен істі жабуға келіскен. Істе куәгерлер де бар.
Михайлов полиция бөліміне сенуден қалғанын айтқан Роголевский істі облыстық полиция тергегенін қалайды. Ол тиісті шағымды 22 ақпанда облыстық прокурор Бауыржан Мырзакеровке жолдаған. Прокуратура өкілдері шағымды қабылдаған.
Шағымда Роголевский өзге шаралармен қатар "сотқа дейінгі тергеу органдарының әрекетсіздігіне" де шағымданған. Ол лауазымды тұлғаларды жазалауды және өзін пышақтаған ер адамды күдікті деп тануды сұраған.
"Аталған тұлғалар "қорғануға құқығы бар куәгерлер" ретінде өтіп жатыр. Маған дәл осы екі адам шабуылдады, мұны анық білемін және келген сайын айтып отырмын" деп жазды Роголевский шағымында. Оның пікірінше, жергілікті полиция қылмыстық істі жабуға тырысып жатыр.
Қарағанды облыстық полиция департаменті 23 ақпанда Азаттыққа іс қайта ашылды деп хабарлады, алайда жай-жапсарын айтқан жоқ. Сол күні облыстық прокуратурадан Роголевскийге полицияның әрекетсіздігі туралы жазған шағымына ресми жауап келген.
"Қылмыстық іс қосымша тергеуге жіберілді. Іс бойынша қажет тергеу әрекеттерін жүргізу туралы нұсқаулық берілді, сіз берген айғақтар да ескеріледі" деп жазылған Қарағанды облыстық прокурорының орынбасары Талғат Мұқашев қол қойған хатта.
Бұған дейін құқық қорғаушылар Қазақстанда полицияның қызметін бақылайтын тәуелсіз орган құру қажеттігін айтқан. Олар осылайша азаматтардың шағымдары мен полицейлердің заңбұзушылықтары туралы хабарламаларға дер кезінде реакция білдіріп отыруға болады дейді.
2022 жылы Қазақстан Global Peace Index (Ғаламдық бейбітшілік индексі) рейтингісінде 163 елдің ішінде 97-орынды иеленген. Қазақстанның жанында Куба мен Бангладеш тұр. Қазақстан осылайша алдыңғы жылмен салыстырғанда 27 пунктіге төмендеді. Рейтинг милитаризация деңгейімен қатар қауіпсіздік сияқты параметрлерді де ескеріп жасалған.