Accessibility links

Комитет Астана – Шымкент рейсі неліктен ұшпай қалғанын түсіндірді. Әуежайда "айқай-шу көтерген" әйелге хаттама толтырылған


Азаматтық авиация комитеті 25 ақпанда Fly Arystan әуекомпаниясының Астана – Шымкент бағыты бойынша ұшуға тиіс болған КС-7307 рейсі неліктен ұшпай қалғанын түсіндірді.

"25 ақпанда Астана – Шымкент бағыты бойынша КС-7307 рейсі Airbus А320 әуе кемесінде таңғы сағат 5.40-қа жоспарланған болатын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты (Шымкент әуежайында қатты жел болған) рейстің ұшуы кейінге қалдырылды, одан соң мүлде тоқтатылды. Рейс мәртебесі өзгеруінің барлық фактіcі бойынша жолаушыларға тиісті хабарламалар жіберілді" деп жазылған комитет хабарламасында.

Комитет өкілдерінің айтуынша, "рейсті күткен жолаушыларға заңнамаға сәйкес, салқын сусындар мен ыстық тамақ таратылған". Бұған қоса, "өтініш білдірген жолаушыларға билет құны толық қайтарылған".

"Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстан авиация әкімшілігі осы факт бойынша қосымша тексеру жүргізеді және әуекомпания жағынан заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдайды" деді комитет өкілдері.

Бір күн бұрын әлеуметтік желіде Fly Arystan рейсінің кешігуіне наразылық білдірген жолаушылар туралы видео да тараған еді. Видеолардың бірінде наразы жолаушылар айқайлап тұрғаны, оқиға орнында полиция қызметкерлері жүргені байқалады. ҚазТАГ-тың хабарлауынша, полиция Астананың 27 жастағы тұрғынының үстінен "ұсақ бұзақылық" және "ұрып-соғу" баптары бойынша хаттама толтырылған.

Қазақстанда былтырдан бері әуе рейстерінің кешіккені туралы хабарламалар жиілеген. Бұған дейін азаматтық авиация комитеті рейстердің кешігуі бойынша түскен шағымдарға байланысты бірқатар әуекомпаниясына жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін айыппұл салғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG