Бүгін, 26 ақпанда Астанада тіркелмеген "Атажұрт" партиясының (бұрынғы "Нағыз Атажұрт ұйымы" - ред.) бір топ өкілі баспасөз жиынын өткізіп, биліктен Қытай мен Қазақстан арасындағы 14 күндік визасыз режимді алып тастауды сұрады. Баспасөз жиынын ұйымдастырушы, "партия" өкілі Қапар Ақаттың айтуынша, Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режим тепе-тең жағдайда жүзеге асып жатқан жоқ.
– Қазақстанның кез келген азаматы кез келген уақытта Қытайға визасыз шыға алмайды. Сондай-ақ Шыңжаңдағы қазақтардың бәрінің қолында паспорт жоқ. Яғни ол жақтағы қазақтар да Қазақстанға емін-еркін келе алмайды. Бұл – тек ұлты қытай азаматтар үшін жасалып жатқан жағдай. Ал биліктің айтып отырған "екі жақтағы қазақтардың арасындағы барыс-келіс жақсарады" деген сөз – елді құр алдау ғана, – дейді Қапар Ақат.
Қапар Ақат қытайлар демографиялық тұрғыдан өсімтал халық екенін айтып, "олар Қазақстанға уақытша келгенімен, кейін шықпай қоюы мүмкін" дейді.
Баспасөз жиынында 14 күндік визасыз режим ғана емес, жақында қамауға алынған Шыңжаңдағы қазақ журналисі Жанаргүл Жұматай туралы да айтылды.
Бір жылдан бері қытай этносының өкілдері Қазақстанға кедергісіз келіп кетіп жатқанын айтқан Қапар Ақат "Өзгені былай қойғанда, сол визасыз режимге Жанаргүл қол жеткізе алмады. Ақыры қамауға алынды" деді.
Ақпанның ортасында Eurasianet сайты Қытайдың Үрімжі қаласында күш құрылымдары журналист Жанаргүл Жұматайды ұстағанын хабарлаған еді. Журналиспен жиі хабарласып тұрған дат ғалымы Рун Стинбергке сүйенген басылымның мәліметінше, полиция Жанаргүл Жұматайды 10 ақпанда әпкесінің үйінен ұстап әкеткен.
Жанаргүл Жұматай Қытайда бұрын да қуғынға ұшыраған. 2017 жылы ол "саяси тәрбиелеу лагеріне" қамалған. 2019 жылы лагерьден босап шыққан Жанаргүл Жұматай биліктің жіті бақылауында болған. Биыл қаңтарда ол билік өз еркімен психиатрия клиникасына жатуды ұсынғанын, келіспесе, түрмеге жабатынын айтып қорқытқанын жеткізген. 47 жастағы журналист Қазақстанға барғысы келетінін мәлімдеген.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытай, Иран және Үндістан азаматтарына елге былтырғы 22 шілдеден бастап 14 күнге визасыз кіріп-шығуға рұқсат етілгенін хабарлаған болатын.
Қазақстан билігі тіркелмеген "Атажұрт" партиясы өкілдерінің талабына қатысты әзірше реакция білдірген жоқ.
Визасыз режим шартына сәйкес, Үндістан, Иран және Қытай азаматтары іскерлік, жеке және туристік сапармен Қазақстанға келген күннен бастап 14 күн визасыз жүре алады. Алайда оларға ақысы төленетін жұмыс істеуге тыйым салынған.
Бұған дейін Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев Қазақстан азаматтарына да 14 күн визасыз режиммен жүруге рұқсат беру мәселесін көтергені хабарланған. Алайда бұл мәселе әлі шешілген жоқ.
ПІКІРЛЕР