28 ақпанда күндіз Ресейдің Санкт-Петербург қаласының Пулково әуежайы ұшақтарды уақытша қабылдамай және ұшырмай қойған. Телеграм-арналар әуе кеңістікте "белгісіз объект" анықталғанын жазды.
Петербург әуесі жабылғанын алғаш болып Baza және "112" телеграм-арналары хабарлады. Baza мәліметінше, аумақта "Ковёр" жоспары іске қосылған. Мұндай жоспар шекараны заңсыз кесіп өткен жағдайда, сонымен бірге әуе кеңістігінде белгісіз объект пайда болған кезде енгізіледі. "112" арнасының жазуынша, мұндай жоспар кезінде әскери және құтқару ұшақтарынан бөлек, әуе кемелерінің барлығы жерде болуға тиіс.
Baza сонымен бірге әуеге жойғыш ұшақтар көтерілгенін, 200 шақырым аумақта әуе кеңістігі жабылғанын хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, әуеге Су-35 және МиГ-31 истребительдері ұшырылған.
Flightradar24 сервисінің мәліметіне сүйенсек, Петербург төбесінде дәл сол мезгілде бірде-бір ұшақ болмаған, ал ол жаққа ұшып келе жатқан ұшақтар қайта қайтқан. Атап айтқанда, Мәскеуден Санкт-Петербургке ұшып келе жатқан ұшақ орта жолдан қайтқан.
Мәскеу уақыты бойынша сағат 12.00-де Baza және "112" телеграм-арналары мен РИА "Новости" дереккөздерге сүйене отырып, "Ковер" жоспарының күші тоқтатылғанын, Петербург әуесі ашыла бастағанын жазды.
Ресей қорғаныс министрлігі әуенің жабылуы Батыс аймақтағы әуе шабуылынан қорғайтын жүйе сынағына байланысты деп түсіндірді.
ПІКІРЛЕР