Accessibility links

Қытай компаниясы Екібастұздағы ГРЭС-2-нің үшінші блогын салуға "қызығушылық танытып отыр"


Қытайдың China Machinery Engineering Corporation (CMEC) компаниясы қазақстандық "Самұрық-Қазынамен" бірге Екібастұз ГРЭС-2 жылу электр станциясының екі энергоблогын салу мәселесін талқылап жатыр. Бұл жөнінде "Самұрық-Қазынаның" стратегиялар және активті басқару бойынша атқарушы директоры Ернат Бердіғұлов "Курсив" басылымына хабарлаған.

Совет кезінде сегіз энергоблогы болады деп жоспарланып салынған станцияда қазір 90-жылдары салынған екі энергоблок (№1 және №2) қана бар. Ал үшінші блокты салу мәселесі 1995 жылдан бері айтылып келеді деп жазды жергілікті БАҚ.

"[Жоба] әлі қаралып жатыр. Меморандум бар. Қазір жобаның жай-жапсарын қарастырып жатыр. Талқылап жатырмыз" деді "Самұрық-Қазынаның" стратегиялар және активті басқару бойынша атқарушы директоры Ернат Бердіғұлов басылымға.

Оның сөзіне қарағанда, мәселе жаңадан №3 және №4 блоктарын салу жөнінде болып отыр. Әрқайсысының қуаты 630-660 МВт болмақ.

Халықаралық қаржы ұйымдары "жасыл" технологияға артықшылық беріп, көмір жағатын жобаларды қаржыландырудан бас тартып жатқан шақта былтыр желтоқсанда қытайлық компаниялардың қазақстандық электр станциясын жаңартуға қаржы бөлуі мүмкін екені хабарланған.

Ratel.kz сайтының жазуынша, 1995 жылдан бері құрылысы бір басталып, бір тоқтап келе жатқан Екібастұз ГРЭС-2-нің үшінші блогы "салынып жатқанына" "30 жылға жуықтаған". Сайт жуырдағы мақаласында станция құрылысына байланысты биліктің жылдар бойы жасаған мәлімдемелерін еске түсіріп, санамалап шыққан еді.

Аталған жоба Индустрияландыру картасына да енген. 2009 жылы Ресей мен Қазақстан блок салу жөнінде келісімге қол қойған. 2013 жылы Қытай Екібастұз ГРЭС-2-нің №3 энергоблогын салуға Ресейге 400 миллион доллар кредит беретіні де айтылды.

2014 жылы блок жобасы "өткен ғасыр технологиясымен" жасалғаны, ал 2016 жылы "электр энергиясы нарығында сұраныс төмендеуіне байланысты" Ресей мен Қазақстанның құны 1,2 млрд доллар болатын жобасы тоқтатылғаны хабарланған. 2019 жылы Екібастұз ГРЭС-2 акцияларының жартысын ресейлік компаниядан "Самұрық-Қазына" сатып алғаннан кейін Ресейдің бұл жобаға араласуы тоқтаған. 2020 жылы "Самұрық-Энерго" компаниясы жоба-сметалық құжатнамасы аяқталуға жақын, 2023 жылы сәуірде құрылысы басталатынын мәлімдеген.

Электр станциясының №1 және №2 екі блогы елдегі электр энергиясының 12 пайызын өндіреді.

Биыл Екібастұз, Рудный және өзге қалаларда жылу электр орталықтарындағы апаттан кейін елде жылу орталықтарының мәселесі жиі қозғала бастаған. Қазақстан билігі елдегі жылу жүйелерінің 70-90 пайызға жуығы тозғанын, оларды жаңарту қажет екенін айтып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG