Accessibility links

ОСК бас прокуратураға "қай кандидатты жауапқа тартуға келісім бергенін" айтты


Орталық сайлау комиссиясы.
Орталық сайлау комиссиясы.

ОСК бас прокуратураға "қай кандидатты жауапқа тартуға" келісім бергенін айтты. Бір күн бұрын ҚазТАГ агенттігі ОСК-ға бас прокуратурадан мәжіліс депутаттығына үміткерді жауапқа тарту туралы ұсыныс түскенін, ОСК келісім бергенін хабарлаған. Алайда хабарламада кандидаттың аты-жөні жазылмаған еді.

3 наурызда Азаттыққа осы хабар жөнінде түсініктеме берген ОСК-ның талдау және коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі Әшім Бердібеков мәселе "Алматы қаласының №5 аумағынан мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде тіркелген Олжас Серікбайұлы Сүлейменов" жөнінде болып отырғанын айтты.

ОСК өкілінің айтуынша, бас прокуратура Олжас Сүлейменовті "үгіт-насихатты мерзімінен бұрын жүргізгені үшін" (Әкімшілік кодекстің 102-бабы) әкімшілік жазаға тартқысы келген. Әзірге жауапқа тартқан-тартпағаны белгісіз. Азаттық Sud.kz сайтынан шешімді таппады.

Бұған дейін кейбір БАҚ пен заңгерлер ОСК-ның хабарламасында азаматтық белсенді Әйгерім Тілеужан жөнінде айтылған болуы мүмкін деп болжаған еді. Полиция Қаңтар бойынша айыпталған белсендіні осы апта басында "үйқамақ шартын бұзды" деп айыптап, кандидат куәлігін алған жерінен ұстап, үйіне жеткізген еді. "Сайлау туралы" заңындағы кандидаттың иммунитеті туралы пунктке сүйенген белсендінің заңгері полицияның "заңсыз әрекетіне" шағымданатынын айтқан.

3 наурызда Азаттық тілшісінің "Қылмыстық іске тартылған, үйқамақта отырған белсенділер үгіт-насихат жүргізе ала ма, үйден шығып сайлаушылармен кездесе ала ма?" деген сұрағына ОСК өкілі "үгіт-насихатты сенімді өкілдері жүргізе алады, ал кандидаттардың өздері үйден шыға ала, жоқ па, оны құқық қорғау органдары анықтайды" деп жауап берді.

19 наурызда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауына бірмандатты округтен қатысатынын Әйгерім Тілеужаннан бөлек, Қаңтар бойынша айыпталған тағы бір белсенді Қосай Маханбаев та мәлімдеген. Бұған дейін екеуі де сот арқылы кандидат куәліктерін қайтарып алған. Құқық қорғаушылар мен белсенділердің заңгерлері оларға қозғалған істердің "саяси астары" барын айтады. Билік елде саяси қудалау барын жоққа шығарып келеді.

Сайлауға бірмандатты округтер бойынша жеке кандидаттардың қатысуына мүмкіндік берілсе де, сыншылар бәсекелі сайлау емес, оның имитациясын ғана көріп отырғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG