Accessibility links

Путиннің жолдауын құлағына кеспе іліп отырып тыңдаған депутат жауапқа тартылып жатыр


Облыстық думаға коммунистер атынан сайланған депутат Михаил Абдалкин.
Облыстық думаға коммунистер атынан сайланған депутат Михаил Абдалкин.

Ресейде Владимир Путиннің федерация жиналысына жасаған жолдауын құлағына кеспе іліп отырып тыңдап, сонысын видео ретінде жариялаған Самара облыстық думасының депутаты Михаил Абдалкиннің үстінен "армия беделіне нұқсан келтіру" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс Новокуйбышевск қаласының сотына жіберілген. Ол 7 наурызда қаралады.

2 наурызда Абдалкин "ВКонтакте" желісіндегі парақшасында іс "сол видео үшін қозғалды" деп хабарлаған еді.

"Күресеміз, кінәсіз екенімізді дәлелдейміз" деп жазды ол.

Абдалкин істің қозғалуына түрткі болған видеоны әлеуметтік желіде өзі жариялаған, айтуынша, жолдауды коммунистік партияның облыстағы басшылары өтінген соң тыңдаған.

"Толық қолдаймын, толық келісемін, керемет жолдау. Кейінгі 23 жылда бұдан артық ештеңе тыңдаған емеспін. Таңғалып отырмын" деп жазды ол жазбада.

Орыс тілінде "вешать лапшу на уши" ("құлаққа кеспе ілу") тіркесі көлгірсіп бос сөйлеу, алдау деген мағына береді.

Бұған дейін Самара облыстық думасы Михаил Абдалкинге "жария түрде сөгіс" жариялаған. Депутаттар оны партиядан шығаруды ұсынып, құқық қорғау органдарынан оның әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған. 1 наурызда Абдалкин полицияға шақырылған.

  • 21 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин федерация жиналысына жолдау жасаған. Ол Батыс елдері мен Украинаны "отаршылдығы" үшін айыптап, "неолиберал тоталитар құндылықтар" туралы айтқан. Ресей Украинаға басып кіруге "мәжбүр болды" деген.
  • Ресейде "орыс армиясының беделіне нұқсан келтіру" бабы былтыр ақпандағы басқыншылықтан кейін пайда болған. Ресейде Украинадағы "әскери операцияны" соғыс деп атаған адам да осы баппен жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл бап бойынша 50 мың рубльге дейін айыппұл салынады, егер қайталанса, қылмыстық іске айналып, бес жыл түрме жазасы берілуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG