Жапония бұрынғы деректерде айтылмаған 7 мыңнан астам арал жөнінде мәлімет алғанын хабарлады. Барлығы Жапония аумағында орналасқан. Жапон мамандары оларды геодезия және картография саласында дамыған технологияның көмегімен тапқан. Бұрын олар тым алыс әрі көлемі шағын болғандықтан картаға түспей қалған.
Жапонияның соңғы ресми картографиясы 1987 жылы жасалған. Ол кезде деректерді жинаумен негізінен жағалау күзеті айналысқан. Сол уақытта Жапония аумағында 6852 арал бары айтылған еді. Алайда енді цифрлық технология мен спутник суреттерінің көмегімен ғалымдар тізімді 14 125-ке дейін жеткізіп отыр. Яғни 7 мыңнан астам арал туралы жаңа дерек жиналды.
CNN-нің жазуынша, тізімге жан-жағы сумен қоршалған, диаметрі кемінде 100 метр болатын ірілі-ұсақты "аралдардың" бәрі енген.
- Жапония Оңтүстік Курилдегі төрт арал Ресейге тиесілі емес екенін айтып келеді. Дау Екінші дүниежүзілік соғыстан бері реттелген жоқ. СССР Жапонияға кемінде екі аралды беруге дайын екенін мәлімдегенімен, қазір Ресей билігі ешқандай шартқа көнбейтінін айтып отыр.
- Бұған қоса, Оңтүстік Қытай теңізіндегі адам тұрмайтын Сенкаку аралына қатысты да дау бар. Ол Жапонияға тиесілі, бірақ оны Қытай меншіктегісі келеді. 70 жылдан астам уақыт бойы Жапония мен Оңтүстік Корея арасында жапон теңізіндегі аралдарға қатысты да дау жалғасып келеді. Оларды Сеул Токто деп атаса, Токио Такэсима деп атайды.