Қазақстан жазушысы Марго Эрванд ресейлік баспагер Ресейде қабылданған ЛГБТ туралы заңды алға тартып, кітабын сатылымнан алып тастауға мәжбүрлегенін мәлімдеді. Бұл жөнінде Forbes.kz сайты жазды.
Марго Эрвандтың айтуынша, былтыр қарашада оған ресейлік баспагер хат жазып, Ресейде "ЛГБТ насихатына" қарсы заңның қабылдануына байланысты өзінің кітаптарын тексеріп шығуды өтінген. Аталған заңды орындамағандарға 200 мың рубль (қазіргі доллар бағамы бойынша, 1 млн 120 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Эрвандтың айтуынша, бірнеше күн бұрын тағы хат келіп, баспагер оның кітаптарының бірінен "тыйым салынған контент" тауып, оны қысқартуды немесе түзеуді я кітапты сатылымнан алып тастауды сұраған.
"Егер мен ол кейіпкерді алмасам, кітапты сатылымнан шығарып, маған айыппұл салатын еді және маған төленетін роялтидің бәрі соны өтеуге жұмсалушы еді. Әрине, мен қайта жазған жоқпын, сөйтіп, кітапты сатылымнан алып тастадым" деді жазушы Forbes басылымына.
Эрвандтың айтуынша, ресейдегілер "Соблазны одиночества" атты кітабындағы жанама кейіпкерлердің біріне "шүйлігіп отыр".
– Ол жерде ешқандай үгіт-насихат жоқ. Ол – қазіргі өмірден алынған факт. Оның үстіне, кітаптың мұқабасында "+18" деп тұр. Яғни мен өзімді кәмелетке толмағандарға жазатын автор ретінде көрсетіп отырған жоқпын, – деді жазушы.
"Соблазны одиночества" кітабы Ресейдегі барлық онлайн әдебиет платформасында сатылған. Кітап басылып шықпаған.
"Мен табысымнан айырылып қалдым деп қамықпаймын, тек бір мезетте менің еңбегімді құнсыз қылып, тыйым салып тастағанына қынжыламын. Ересек адамдарға ЛГБТ туралы айтылған тұстары бар әдебиетті оқуға тыйым салып жатса, бұл – менің ойымша, жазушы ғана емес, барлық адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзу" деді жазушы.
Аталған кітап 2022 жылы жазда шыққан. Марго Эрванд оны тарату үшін ешқандай жарнама жасамағанын айтады. Ол енді Ресейде кітабын шығарып жүрген барлық қазақстандық автор аталған заңнан зардап шегуі мүмкін дейді: оларға "ЛГБТ жайлы мәліметтерді өшіруіне" немесе өзге нарықты іздеуіне тура келеді дейді. Жағдай ушықса, алдағы уақытта жаңа табу пайда болуы да ғажап емес дейді.
Жазушы, журналист, Forbes.kz колумнисі Марго Эрванд – төрт кітаптың авторы. Екеуі ағылшын тіліне аударылған. Ridero баспасымен жұмыс істейді. Оның еңбектерін Қазақстан, Ресей, АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Бразилия және өзге елдердегі жұрт оқиды.
Ресейде "ЛГБТ насихатына" тыйым салу туралы заң 2022 жылдың аяғында күшіне енген. Заңға сәйкес, талаптарды орындамаған жеке және заңды тұлғаларға ірі айыппұл салынады, ал шетел азаматтары елден күшпен депортациялануы мүмкін. Құқық қорғаушылар құжатты сынаған. ЛГБТ топтарымен жұмыс істейтін құқық қорғаушылар мен белсенділер жаңа заң ЛГБТ+ ұйымдарына көмектесетін қоғамдық ұйымдардың жұмысын тоқтатып тастайды деп қауіптенген.
ПІКІРЛЕР