Accessibility links

Неміс компаниясы Украинада танк зауытын ашуды ұсынды


"Леопард 2" танкісі.
"Леопард 2" танкісі.

Немістің Rheinmetall концерні Украинада танк зауытын ашу жөнінде Киевпен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы компания басшысы Армин Паппергер Rheinische Post басылымына берген сұхбатында мәлімдеді.

Кәсіпкердің айтуынша, зауыт құрылысына шамамен 200 миллион еуро кетеді және оны әуе шабуылына қарсы жүйелермен қорғауға болады. Паппергердің сөзіне қарағанда, зауыт жылына Пантера KF51 типтес 400-ге тарта танк шығара алады.

Кәсіпкер Украинамен келіссөзден "көп үміт күтуге болатынын" айтып, екі ай ішінде түпкілікті шешім шығып қалар деді.

"Украинаға соғыста жеңіске жету үшін 600-800 танк керек. Тіпті Германия өзінде бар "Леопард 2" танкісінің барлығын (300 танк) Украинаға берсе де, бұл өте аз" деді Паппергер.

Ол соғыс "әлі жылдар бойы жалғасатын сияқты" деді.

"Батыстағы одақтастар Украинаға қорғану үшін жеткілікті мөлшерде қару-жарақ беріп жатыр, бірақ қазіргі кезде украиндерге өз аумағын қорғап қалу үшін техника жетпей жатыр" деді Паппергер.

Ресей қауіпсіздік кеңесі жетекшісінің орынбасары Дмитрий Медведев Украинадағы зауыт ашуға қатысты келіссөзді "Киев режимінің қарабайыр троллингісі" деп атады.

  • Қаңтардың аяғында Польша Украинаға немістің "Леопард 2" танкісінің 14 данасын және өзінде бар жаңартылған танкілерді беретінін айтқан. Мәселе 60 машина туралы болып отыр, 30-ы – поляк қарулы күштерінде негізгі әскери көлік саналатын PT-91 танкісі.
  • Германия сонымен бірге Украинаға "Леопард 1" танкісінің 178 данасын беретінін мәлімдеген. Алғашқы 20-сы жазға қарай жеткізіледі. Киевке барлығы 100-ден астам танк беріледі.
  • Бұған дейін АҚШ Украинаға "Абрамс" танкісінің 31 данасын беруге әзір екенін мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG