Accessibility links

Өзбекстан конституциясына енетін өзгерістердің ақырғы нұсқасы президент Мирзияевқа таныстырылды


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 6 наурызда заң шығарушы Олий Мажлис депутаттарымен, сенаторлармен және Жоғарғы сот басшылығымен кездесіп, ел конституциясына енгізілетін өзгерістерге байланысты кеңесті.

Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, депутаттар қоғамнан түскен 200 мыңнан астам ұсынысты қарап, халықаралық тәжірибені де ескерген.

Соның нәтижесінде Өзбекстан конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы заңның ақырғы нұсқасы әзірленген.

Өзбекстан конституцияға енетін өзгерістерді 2022 жылғы 25 маусымда жариялап, қоғамның талқылауына 10 күн уақыт берген. Алайда Қарақалпақстан автономия республикасының егемендік статусы мен Өзбекстан құрамынан шығу құқығы алынып қалғаны Қарақалпақстанда жаппай наразылық туғызған.

Өзбек билігі таратқан ақпаратқа қарағанда, 2022 жылғы 1-2 шілдеде болған нарызылық акциясы кезінде 21 адам өліп, 243 адам жараланған. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері де жараланған. Құқық қорғаушылар өлгендер бұдан әлдеқайда көп деп есептейді.

Нөкіс оқиғасы – 2005 жылы Өзбекстанның Әндіжан қаласында болған қанды оқиғадан кейінгі ірі наразылық акциясы.

Өткен айда Өзбекстанның Бұхара қаласында Нөкіс оқиғасына байланысты сот отырысы болып, "наразылықты ұйымдастырушы" деген айыппен қоғам белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратов 16 жылға, тағы 17 адам үш жылдан сегіз жылға дейін сотталған. 39 адамның ісі қаралып жатқан тағы бір істе прокурор айыпталушыларды ұзақ мерзімге түрмеге қамауды сұраған.

2022 жылғы қазанда Сырдария облысында өткен кеңесте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев "конституцияны өзгертуге асығудың қажеті жоқ" деген еді.

Заң жобасы дайын болған соң, Өзбекстан конституциясына өзгеріс енгізу жөнінде референдум өтеді. Әзірге нақты қай уақытта болатыны белгісіз референдумға Өзбекстан президентінің өкілетін бес жылдан жеті жылға ұзарту мәселесі де шығарылады деген болжам бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG