Грузия астанасы Тбилисиде бірнеше күнге созылған наразылықтан кейін билікшіл партиялар парламенттен "шетел агенті туралы" даулы заң жобаларын алып тастайтынын мәлімдеді. Бұл жөнінде Азаттықтың Грузин қызметі хабарлады. Аталған құжаттарды 7 наурызда парламент бірінші оқылымда мақұлдаған еді.
Осылайша билік демонстранттардың талабын орындады. 7-8 наурызда мыңдаған адам парламент маңына жиналып, даулы құжатқа қарсылық білдірген еді. Полиция оларды тарату үшін жас ағызатын газ, су шашқан. Демонстранттар күш құрылымдарына тас лақтырып, қоқыс жәшіктерін өртеп, баррикада құрған.
Құжатты парламентке ұсынған басқарушы "Грузин арманы" және "Халық күші" партиялары 9 наурызда таратқан мәлімдемесінде кейбір күштер құжатты негізсіз "ресейшіл заң" деп атағанын алға тартқан, дегенмен қоғам пікірін ескере отырып, заң жобасын кері қайтарғанын жазған.
"Біз азаматтарымыздың күш-қайратын текетіреске емес, еліміздің дұрыс бағытта дамуына жұмсауымыз қажет. Жоғарыда айтылған жайттарды ескере отырып, қоғамның әрбір мүшесі алдында жауапты екенімізді сезіне отырып, өзіміз қолдаған заң жобасын еш түсіндірусіз алып тастау туралы шешім қабылдадық" деп жазылған "Грузин арманы" және "Халық күші" партияларының ортақ мәлімдемесінде.
Оппозицияның айтуынша, "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" және "Шетел агенттерін тіркеу туралы" деп аталатын екі заң жобасы Грузия кіруге ұмтылып отырған Еуропа одағының ережелеріне қайшы және ол үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына көп кедергі жасайды.
Билікшіл "Халық күші" фракциясы жетекшілерінің бірі Гурам Мачарашвили заң жобасы 1938 жылы АҚШ қабылдаған FARA (The Foreign Agents Registration Act) заңының тәжірибесі бойынша жасалды деген уәж айтқан. Алайда оппозиция мұны "демагогия, шын мәнінде, осы заңдар арқылы билік азаматтық белсенділік пен ой-пікір еркіндігін Ресейдегідей басып-жаншығысы келеді" деп есептейді.
Видео: Грузияда мыңдаған адам наразылыққа шықты. Оларды президент қолдады (8 наурыз 2023 жыл).
ПІКІРЛЕР