Accessibility links

Қырғызстанда арнаулы қызмет "Бурятияның тәуелсіздігі" жайлы сұхбатқа байланысты журналисті "әңгімеге" шақырды


24.kg логотипі.
24.kg логотипі.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) 9 наурызда 24.kg ақпарат агенттігінің тілшісі Гүлмира Мақанбайқызын "әңгімеге" шақырған. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметіне журналистің өзі хабарлады.

Оның сөзінше, шақыруға Қырғызстанға келген Ресей азаматы Буд Мунхоевтың пікірі жазылған материал себеп болған.

"Сұхбатта респондент Ресейде болып жатқан кейінгі оқиғаларға байланысты отандастары Бурятияның тәуелсіздігін армандайтынын айтқан. Менімен әңгімелескен ҰҚМК екі қызметкері Ресей азаматынан мақалаға байланысты шағым түскенін айтты. Видеосюжет екі елдің болашағына теріс әсер етуі мүмкін екенін, алдағы уақытта мұндай тақырыптарды жазған кезде сақ болуға кеңес берді. Мен олардың міндетін түсінемін, алайда қауіпсіздік органы қызметкерлерінің кеңесін БАҚ-қа қысым деп бағалаймын" деді Гүлмира Мақанбайқызы.

24.kg мәліметінше, журналиске тапсырылған қағазда ешқандай қол, мөр жоқ, шақыру мақсаты жазылмаған.

ҰҚМК баспасөз қызметі оқиғаға түсініктеме бермеді.

2 наурызда ҰҚМК-ның Бішкектегі бөлімшесіне 24.kg редакторы Анастасия Мокренко шақырылған еді.

6 ақпанда 24.kg бас директоры Әсел Оторбаева куәгер ретінде ҰҚМК басқармасына шақырылған. Басылымның жазуынша, ҰҚМК басқармасына редакция жариялаған материалға байланысты арыз түскен, алайда әлі күнге дейін нақты қай материалға қатысты шағым түскені белгісіз.

XS
SM
MD
LG