Accessibility links

Грузия премьері украин саясаткерлерін "еліміздің ішкі ісіне араласты" деп кінәлады


Ираклий Гарибашвили.
Ираклий Гарибашвили.

Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили таяуда Грузияда болған наразылық акциясы туралы украин саясаткерлерінің пікірін "елдің ішкі ісіне тікелей араласу" деп бағалады. Ол мұны Imedi телеарнасына берген сұхбатында айтқан.

Гарибашвили Зеленский туралы айта келе, "соғысып жатқан адам тоқтай қалып, Грузияда мыңдаған адам қатысып жүрген деструктив акция туралы пікір айта бастаса, демек, ол адамның бұған қатысы бар, осы жерде бірдеңе болғанын қалайды деген сөз" деп мәлімдеген.

Гарибашвили Украинадағы соғыс тоқтатылғанын, Украинада бейбіт өмір орнап, ел тұтастығы сақталғанын қалайтынын айтты. "Бірақ әуелі өз елдеріңді жарылқап алыңдар, өз еліміздің қамын өзіміз ойлаймыз. Бәрне соны айтқым келеді" деді Гарибашвили.

Грузия парламенті 7 наурызда шетел агенттері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған соң, халық жапай наразылыққа шыққан. Paper Kartuli басылымының бағалауына қарағанда, Тбилисидегі қарсылық шеруіне кемі 10 мың адам қатысқан. Көрген куәгерлер мен өзге де БАҚ-тар осыған ұқсас мәлімет таратқан.

Тбилисидегі қарсылық кезінде полициямен қақтығыс болған, Батуми мен Кутаисиде тыныш өткен. 9 наурызда грузин парламенті, соның ішінде заң жобасын ұсынушы билік партиялары – "Грузин арманы" мен "Халық күші" заңды кері қайтарып, наразылардың талабын орындаған.

Шетел агенттері туралы заң жобасы бойынша қаржылай кірісі 20 пайыздан асқан бейкоммерциялық ұйымдар мен БАҚ-тарға "шетел ықпалындағы агент" статусы берілетін болған. Мұндай ұйымдар міндетті тіркеуге тұруға тиіс, тіркелгісі келмегендерге айыппұл салу көзделген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG