Accessibility links

Украина ресейлік екі солдатты төрт жасар бала мен оның анасын зорлады деп айыптады


Украина Ресейдің екі солдатын 2022 жылы наурызда Киев түбінде төрт жасар бала мен оның анасын зорлады деп айыптады. Айыпталушының бірінің аты-жөні белгілі, ол соғыста қаза болған.

Тергеу органдарына сүйенген Reuters-тің жазуынша, ресейлік солдаттар былтыр 13 наурызда мас күйінде Броварыдағы жас отбасының үйіне басып кірген. Ер адамды металл астаумен ұрып-соғып, әйелін зорлаған.

Тергеу құжаттарына қарағанда, күдіктілердің бірі төрт жасар қызды зорлағаннан кейін "одан әйел жасайтынын" айтқан.

Бұдан соң орыс әскері көрші үйге кіріп, 41 жастағы аяғы ауыр әйел мен 17 жастағы қызды ұрып-соғып, зорлаған. Бірнеше отбасы тұрып жатқан орынға кіріп, бәрін асүйге қамаған. Тергеу материалдарында солдаттар 15 жасар қыз бен анасын жабылып зорлаған деп жазылған. Жәбірленушілердің барлығы аман. Оларға психологиялық көмек берілген.

Бұл істе алты күдікті бар. Барлығы да – Самара облысынан шыққан 15-мотоатқыштар бригадасының солдаттары.

Наурыздың басында украин полициясы осы іс бойынша күдікті ретінде танылған екі адамның аты-жөнін жариялаған. Тергеу органдарының мәліметінше, бұлар кішкентай қыз бен анасын зорлады деген күдікке ілінген. Бірі – 32 жастағы Самара тұрғыны Вадим Шахматов, екіншісі – 27 жастағы Евгений Чернокнижный.

Reuters тілшілері күдіктінің бауырына хабарласқан кезде ол бауыры соғыста опат болғанын айтқан.

Ресей қорғаныс министрлігі орыс солдаттарына тағылған айыпқа байланысты түсініктеме бермеді. Мәскеу Украинадағы әскери қылмыстарға қатысы барын мойындамай келеді.

XS
SM
MD
LG