Accessibility links

Гаага соты Владимир Путинді тұтқындауға ордер берді. Бұл нені білдіреді?


Канадада Путинді соттауды талап етіп тұрған наразылар. 2022 жылғы наурыз.
Канадада Путинді соттауды талап етіп тұрған наразылар. 2022 жылғы наурыз.

Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға ордер берді. Бұл хабар соттың ресми сайтында жарық көрді. Путинге қоса, Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Мария Львова-Белованы да тұтқындауға пәрмен берілген.

Халықаралық қылмыстық сот екеуін де Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деп айыптаған. Халықаралық құқықта бұл геноцид деп танылуы мүмкін.

Гаага соты Путинді тұтқындауға ордер берді. Судьяның сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:52 0:00

Сот сайтында Путин айтылған қылмыстарға жеке өзі жауапты деп есептеуге келетіндей негіз бары жазылған.

Бұл Ресей басшысы енді дереу сот алдында жауап береді дегенді білдіре ме? Тұтқындауға ордер берілгеннен кейін не болады? Осы сұраққа заңгер жауап береді.

АГОРА құқық қорғау тобының өкілі Кирилл Коротеевтің айтуынша, ордер шыққаннан кейін Халықаралық сот статутына қатысушы мемлекеттердің біріне шешім шыққан азамат барған жағдайда сол ел оны ұстап, Гааагадағы Халықаралық сотқа тапсыруға міндетті болады.

Азаттықтың Орыс қызметі тілшісінің сұрақтарына заңгер Кирилл Коротеев жауап береді.

Азаттық: Қазір бұл статутқа қанша ел қосылған және теория тұрғысынан алғанда, Владимир Путин ресми сапармен барған жағдайда қанша мемлекет оны тұтқындай алады?

Кирилл Коротеев: Қателеспесем, 123 ел. Бұрынғы совет республикалары арасында статутты Балтық елдері, Грузия, Тәжікстан ратификациялаған. Украина Халықаралық сот юрисдикциясын 2014 жылғы оқиғалардан кейін мойындаған. Юрисдикцияны ратификациясыз-ақ та мойындауға болады – Украина да дәл солай жасады.

Тұтқындау ордері бірден іске қосылмайды, бұл сіз қай тарапта тұрғаныңызға байланысты. Судан президенті Омар әл-Башир осы статутты ратификациялаған мемлекеттерде емін-еркін жүрді. Тек Оңтүстік Африкаға барған кезде біраз мәселе туындады, алайда Оңтүстік Африка соты оны қамау туралы шешімді ол елден кестеге сай шығып кеткеннен кейін шығарды. Дегенмен оған Нигериядан жоспардан тыс кетуге тура келді. Сол себепті статутқа қатысушы мемлекеттердің өзі ордерді ылғи орындай бермейтінін көріп отырмыз.

Азаттық: Дегенмен болжап көрелік, қазір Владимир Путин президент ретінде қандай да бір ресми сапармен Анкараға немесе ШЫҰ сияқты халықаралық саммитке қатысуға барды делік. Статутқа қатысушы мемлекет басшылығының саяси ерік-жігері жетсе, оны осы ордер бойынша тұтқындай ала ма?

Кирилл Коротеев: Мәселе саяси ерік-жігерде емес, заңнамалық міндеттемеде болуға тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда, Тәжікстан да Чех Республикасы сияқты Владимир Путинді Гаага сотына тапсыруға тиіс. Алайда іс жүзінде мұнда саяси факторлар да рөл атқарады. Бірде-бір мемлекет басшысының иммунитеті Халықаралық сот алдында оны қорғай алмайды. Сол себепті егер Владимир Путин Ресей президенті ретінде ресми түрде қандай да бір елге барса, бұл оны тұтқындауға кедергі бола алмайды. Кейінгі уақытта Путин неге екені белгісіз, сапарларын едәуір қысқартты. Менің ойымша, енді оны қабылдайтын елдерге ерекше назар аударылмақ.

Азаттық: ​Қытай статутқа мүше ме?

Кирилл Коротеев: Жоқ, Қытай, АҚШ, Израиль және тағы 70 шақты мемлекет қосылмаған.

Азаттық: Яғни тұтқындау ықтималдығы тұрғысынан алғанда, Владимир Путин бұл елдерге алаңдамай бара алады ғой?

Кирилл Коротеев: Жаңа айтып өткенімдей, статутқа қатысушы елдерге бару әрдайым қауіпті бола бермейді. Омар әл-Баширдің мысалы соны дәлелдеді: оны ақыры судандық көтерілісшілер қамаған. Бірақ статутқа қатыспайтын елдердің оны тұтқындап, тапсыру жөнінде міндеттемесі жоқ.

1993-2019 жылдары Судан президенті болған Омар әл-Башир.
1993-2019 жылдары Судан президенті болған Омар әл-Башир.

Азаттық: ​Кейінгі кезде ұшақпен жүруді сиреткен Владимир Путин кенет өзі дос санайтын елдерге бармақ болып, статутқа қатысушы мемлекеттің төбесінен ұшса, әлгі мемлекет оның ұшағын күштеп қондыруы мүмкін бе?

Кирилл Коротеев: Нақты жағдайда оның сапары осы жайттар ескеріле отырып жоспарланады деп ойлаймын. Мысалы, Омар әл-Башир кей кезде ұшу бағытын өзгертіп отырды. Бірақ бұл уақыт пен отын шығыны мәселесіне келіп тіреледі. Алайда теория тұрғысынан алғанда, мұндай мүмкіндік бар.

Азаттық: Ресей де осы ордерге сүйене отырып, Владимир Путин немесе бала құқығы жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы тұтқындауы мүмкін бе?

Кирилл Коротеев: Мұны елестету қиын. Ресейде Путиннің мемлекет басшысы деген иммунитеті бар, сәйкесінше Ресей билігі оны теория жүзінде Конституцияда қарастырылған процедураларға сүйене отырып қылмыстық жауапкершілікке тарта алады. Львова-Белова – нақты жағдайда қарапайым азамат. Сондықтан Ресей билігі оны Қылмыстық-процестік кодекске сүйене отырып қана ұстай алады. Ресей тергеушілерінде немесе прокурорда Львова-Беловаға тағатын айып бар ма, бұл да – өзге мәселе. Менің түсінуімше, қазіргі нақты жағдайда Ресей билігі оған ешқандай айып таққан жоқ.

Азаттық: Ресейдің Халықаралық сот алдында міндеттемелері бар ма? Ол статутқа қосылған ба?

Кирилл Коротеев: Жоқ, Ресей бұрын қол қойған, бірақ көп жыл бұрын құжатты ратификацияламайтынын мәлімдеген. Демек, Халықаралық қылмыстық соттың бұйрығын да орындауға міндетті емес.

Азаттық: ​Халықаралық қылмыстық сот ордерінің мерзіміне қатысты қандай да бір шектеу бар ма? Оның күші қашанға дейін жарамды?

Кирилл Коротеев: Халықаралық қылмыстық сот юрисдикциясына ілінген қылмыстардың мерзім шектеуі жоқ. Сәйкесінше ордер орындалғанға дейін күшінде болады, шешім шыққан адам қайтыс болса немесе прокурор қайта қарап, ордерді қайтып алса, күші жойылады. Бірақ бұл – гипотезалық жағдайлар ғана.

Азаттық: Егер ордерлер тарихына практикалық емес, саяси немесе символдық тұрғыдан қарасақ, Халықаралық қылмыстық сот халықаралық қауымдастық пен Владимир Путинге қандай белгі беріп отыр?

Кирилл Коротеев: Мен заңгермін, сол себепті құқықтық мәселелерге саяси немесе символикалық емес, квалификациялық тұрғыдан түсініктеме бере аламын. Менің ойымша, Халықаралық қылмыстық сот прокуроры Путинді соттауы мүмкін параллель трибуналдар жөнінде әңгіме көбейген соң, қысымда қалған – ол басқа трибунал керек емес деп айтуы үшін тұтқындауға тезірек ордер беруі керек болды. Міне, енді Путинді тұтқындауға ордер де бар. Бұл – бір фактор. Екінші жағынан алып қарағанда, Ауғанстандағы Америка әскеріне қатысты тергеуді тоқтатқан Халықаралық қылмыстық сот прокуроры басқаша жағдайда көптің есінде қалғанды қалайды. Бұл да – маған айқын көрініп тұрған заңгерлік емес фактор.

Азаттық: ​Алайда Владимир Путин халықаралық құқық тұрғысынан алғанда, әзірге қылмыскер емес, өте ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген адам ғой, иә?

Кирилл Коротеев: Күшіне енбеген үкімсіз ешкім оны қылмыскер деп атай алмайды. Сондықтан нақты жағдайда мәселе әскери қылмыс жасағаны жөнінде айып туралы болып отыр. Айтпақшы, Халықаралық қылмыстық сот алдында жауап берген мемлекет басшыларына қатысты істер соншалықты жаман аяқталған жоқ. Кот-д'Ивуардың бұрынғы басшысы Лоран Гбагбо ақталып шыққан. Ал кениялық саясаткер Ухуру Кениата Халықаралық қылмыстық сот ақтағаннан кейін Кения президенті болды.

Азаттық: Яғни Путин үшін әлі де үміт бар ғой?

Кирилл Коротеев: Қылмыстық іс бойынша айыптайтын да, ақтайтын да үкім шығуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG