Ақтөбе облысының Қобда ауылында тасқыннан зардап шеккен үш үй мүлдем жарамсыз болып қалды. Қабырғасы құлаған төрт үйді арнайы комиссия "апат жағдайында" деп бағалаған. Тағы 17 үй әлі суда тұр. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімдігі хабарлады.
Облыс әкімдігі 18 наурыз күні таратқан ақпаратқа қарағанда, Қобдада 24 үй тұрғызылады. Арнаулы комиссия шығын мөлшерін толық есептеп бітпеген.
"Комиссия жұмысын аяқтағанша зардап шеккен әр отбасына 500 мың теңгеден ақшалай көмек беріледі. Бұл – бюджет қаржысы емес" деп хабарлады әкімдік сенбі күні.
Су тасқынынан зардап шеккендердің бірі Марина Есімова құлағалы тұрған үйіне бес күннен бері комиссия мүшелері келмегенін айтты. Бес баланың анасы 13 наурыздан бері су басқан үйіне кіре алмай жүр.
– Қазір туысымның үйіндеміз. Шиеттей баламен кісінің үйіне сыю қиын екен. Әбден қиналып кеттік. Сенбі күні сағат 10.00-да Қобдаға Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин келеді деп, бәрімізді әкімдікке жинаған болатын. 60 шақты адам жиналды. Оның жартысы министрді күте-күте шаршап, тарап кетті. 30-ғуы жуық адам жағдайымызды айтайық деп әлі отырмыз, – деді Марина Есімова.
Наурыздың 13-інен бері су тасқынына қарсы штабқа Қобда ауылының 101 тұрғыны хабарласып, үйін су алғанын айтқан. Әкімдіктің хабарлауынша, Қобдада су басқан үйлердің саны – 79.
Қобда ауданы ғана емес, Ақтөбе облысының Ойыл ауданында да су тасып жатыр. Ойыл мен Қобдадан 13 наурыздан бері 400-ден астам тұрғын эвакуацияланған. Төрт мың бас мал қауіпсіз жерге айдалған.
"Судың беті қайта бастады. Эвакуацияланған 140 адам тасқынның беті қайтқаннан кейін үйіне оралды" деп хабарлады облыстық әкімдік. Дегенмен Ойыл ауданындағы Қаратал ауылының тұрғындары сенбі күні Азаттыққа әлі көмек жетпей отырғанына шағымданды.
13 наурызда Ақтөбе облысындағы Қобда ауылын су алған еді. 14 наурызда кешкісін Қобда ауылында төтенше жағдай жарияланды.
Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің "ешбір елді мекенді су баспайды, жағдай тұрақты, бақылауда" деген мәлімдемесінен бірер сағат өткен соң, Қобдада тасқын басталған.
Ақтөбе облысында күн күрт жылынып, қар еріп, өзендер тасыған соң, жолды су шайып, ондаған ауыл көлік қатынасынсыз қалды. Ойыл, Байғанин, Темір, Қобда, Шалқар аудандарында кейбір үйлерді су алған.
Жергілікті халық билік жылда қайталанатын жағдайға алдын ала қамданбады деп наразы.
ПІКІРЛЕР