Accessibility links

Тиранияны қалай тоқтатуға болады? Беларусь зерттеушісінің ойлары


Сарапшылар Ресей мен Беларусьтегі авторитар режимде тоталитаризм, диктатура мен фашизм белгілері барын жазады. Бұл елдерде басшылардың шексіз билігі, милитаризация, билікке қарсы азаматтарды қудалау, жүйелі репрессия, цензура мен адам құқықтарын бұзу жиі кездеседі. 

Тоталитаризм деген не? Оған қалай қарсы тұруға болады? Беларусь зерттеушісі Ольга Шпарага Азаттықтың "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында тиранияны ғылыми тұрғыдан талдап берді. Сіздерге сол әңгіменің тезистерін ұсынамыз.

– Философтардың көбі тоталитаризмді нацистік Германия, СССР, Италияның тәжірибесіне сүйеніп зерттейді. Осы еңбектерге қарап, постсоветтік кеңістікте тоталитаризм неге жанданғанын түсіндіруге бола ма?

Беларусь ғалымы Ольга Шпарага.
Беларусь ғалымы Ольга Шпарага.

– Украин зерттеушісі, философ Михаил Минаков 2020 жылы шыққан “Шығыс Еуропадағы қазіргі заман диалектикасы” кітабында постсоветтік кеңістікте авторитар және тоталитар режимдер қайдан шығады деген мәселені талдайды. Автор мұны кері әлеуметтік даму процесімен байланыстырып, “демодернизация” деп атайды.

СССР тарағаннан кейін модернизацияның тағы бір толқыны басталды. Модернизация – рационализация, демократизация процесі. Советтің индустриялық қоғамы күйреді, бірақ жаһанданудың мәдени, экономикалық, саяси институттары қоғамды өзгертетін деңгейге дейін дамып үлгерген жоқ. Оның орнына советтік және оған дейінгі ұжымдық өмірді қалпына келтіру процесі жүрді.

Минаков бұрын СССР құрамында болған елдерде осындай кері процесс жүрген деп есептейді. Мысалы, Беларусь, Әзербайжан, Ресейді билік вертикалі кері әлеуметтік дамуға әсер еткен елдер тобына жатқызады.

–​ Тоталитар қоғам постсоветтік кеңістіктің ғана мәселесі ме, әлде бүкіләлемдік тренд пе?

– Бұл – біздің ғана мәселеміз емес. Тоталитаризм зерттеушісі Ханна Арендт “Тоталитар режим құласа да, тоталитар шешім жойылмауы мүмкін. Саяси не экономикалық қиындықты жұмсарту мүмкін еместей көрінген сайын тоталитар шешім қабылдау әдетке айналады” деп жазады. Тоталитаризмді жеңу үшін барлық деңгейде күрделі трансформация керек.

Зерттеушілер авторитаризм мен тоталитаризм қаупі барын айтады. Бұл – постсоветтік кеңістіктің ғана мәселесі емес. Бірақ біз өткенімізді қорытып үлгерген жоқпыз, тоталитаризмге қарсы жүйелер қалыптаспаған, плюрализмнен қорқамыз. Антиплюрализм – тиранияға бастайтын жолдардың бірі. Плюралистік қоғам, биліктің орталықсыздануы, көзқарас қайшылығына демократиялық жолмен реакция білдіруден тәжірибеміз жоқ. Біздің қоғамда өмірдің барлық саласында монополия орнату тенденциясы қалыптасқан.

–​ Заманауи тоталитаризм белгілері өзгерді ме?

– 1975 жылы америкалық зерттеуші Хуан Линц 20 ғасыр тәжірибесіне сүйеніп, тоталитар жүйенің үш негізгі белгісін сипаттап жазды.

Біріншісі – жалғыз билік орталығының болуы. Бұл – міндетті түрде партия емес. Беларусьте билік партиясы жоқ, бірақ Лукашенко партия құру процесіне кірісіп кеткен сияқты.

Екінші белгісі – билікпен байланысты идеология. Ресейдегі идеология "орыс әлемі" деп аталады. Беларусьте ондай бір идеология жоқ, негізгі идея – билікке адалдық. Бұл идеология адамдар мен топтардың билікке адалдығын тексереді.

Үшінші белгісі – азаматтарды саяси-қоғамдық міндеттер аясында бірігуге шақыру. Басқаша айтқанда, режимді үнемі қолдап отыру керек.

–​ Мұндай режимдерде адамдарды бағындыру механизмдері бар ма?

– Негізгі механизмдері – қорқыту, зорлық, сөз бостандығы мен бейбіт жиындарға тыйым салу, жалған ақпарат пен зорлық пропагандасы, біреудің үстінен шағымдану, сөз тасуды, өшпенділік тілін (hate speech) қалыпты құбылысқа айналдыру, әлеуметтік байланыстарды үзу. Халық билікке жиналып қарсылық білдіруге қорықсын деп, қоғамдық өмірді толықтай жойып жібереді. Жалғыз, ешкіммен ой бөлісе алмайтын, досы мен жауы кім екенін білмейтін адамға билікке қарсы шығу қиын ғой.

Бұған қалай қарсы тұруға болады?

– Тимоти Снайдердің "Тирания туралы. XX ғасырдың 20 сабағы" атты кітабында жиырма түрлі кеңес берілген.

Біріншісі – билікке адалдығыңды көрсету үшін басталмай жатып беріле салмау. Халықты бағындыру механизмдерін байқап, оған қарсы тұруға тырысу керек. Қарсыласу қашанда қиын, бірақ көптің жетегіне еріп кетуге болмайды.

Екінші кеңес – қоғамдық институттарды қорғау. Өзіңізге кәсіподақ сияқты бір институт таңдап алып, сол үшін күресіңіз.

Зерттеуші "Бір партиялы мемлекет пен әскери құрылымнан сақ болыңыз" деп ескертеді. Снайдер қоғамның бірлігін сақтау үшін адамдардың көзіне қарап, күлімсіреп, жылы сөйлеуге шақырады.

Тоталитаризм тенденциясына қарсы тұруға көмектесетін тағы бір нәрсе – кәсіби этиканы бұзбау. Снайдер дәрігерлер антын бұзып, нацистермен бірігіп, адамдарға сынақ жүргізген неміс дәрігерлерін мысалға келтіреді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлеуметтік психологияда халықтың диктаторларға бағыну себебін түсіндіретін көп тәжірибе жасалды. Милгрэм "бізде авторитеттерге бағыну керек деген түсінік қалыптасқан" дейді. Қазіргі философия не дейді? Адам өз ішіндегі авторитеттерге бағыну керек деген түсінігін өзгерте ала ма?

– Америкалық зерттеуші Марта Нуссбаумның "Табыс үшін емес. Демократияға гуманитарлық ғылым не үшін керек?" деген кітабы бар. Автор кітапта ұжымдық жеккөрушілік, бағыну, қоғамға іріткі салу сияқты тақырыптарды талдап, бұған қалай қарсы тұруға болады деген сұраққа жауап іздейді.

Марта қоғам гомогенді емес, онда бірлікте өмір сүргісі келетіндер де, басқаларға үстемдік жүргізгісі келетіндер де бар дейді. Бірінші топтағы азаматтарды қалай көбейтеміз деп ойлануымыз керек.

Гуманитарлық білім маңызды, ол эмпатиясы жоғары азаматтарды тәрбиелеуге бағытталуға тиіс. Ол үшін иерархияға қарсы бірнәрсе ұсынған жөн. Мысалы, мектептегі мұғалімдер әр айтқан сөзі заң саналатын авторитетке айналмай, керісінше, оқушыларға құрметпен қарауы керек. Теоретиктер горизонтал байланыстар құруды ұсынады. Мұндай қатынас кезінде біз бір-бірімізге кезекпен авторитет боламыз.

Авторитеттерге бағынудың орнына мағыналы өмір мен бір-бірімізге қамқорлықты насихаттауға болады. Мектепте әріптестікті, бір-бірімізге кедергі келтірмей, өмір сүрудің әртүрлі концепциясын үйрету қажет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG