Accessibility links

Режиссер Еркін Рақышев Алматы мәслихатының депутаты болды. Өзге белсенділер өте алмады


Алматы қалалық мәслихаты сайлауының ресми қорытындысы.
Алматы қалалық мәслихаты сайлауының ресми қорытындысы.

Депутаттыққа өзін-өзі ұсынған азаматтық белсенділер Алматы мәслихатына өте алмады. Оппозиция митингілеріне қатысып жүрген режиссер Еркін Рақышев қана мәслихат депутаты болып сайланды. 24 наурызда Алматы аумақтық комиссиясының отырысынан кейін осы жайт белгілі болды.

Азаматтық белсенді Равкат Мұхтаров №7 округ бойынша 923 дауыс жинады. (Бұл округ бойынша “Аманат” партиясы ұсынған кандидат Алтынай Көбеева жеңген). Қаңтардағы азаптаулар туралы айтқан Қосай Маханбаев №8 округ бойынша мәслихат сайлауына қатысып, 409 дауыс алған. (Бұл округ бойынша Тимур Елеусізов жеңімпаз деп танылды).

Белсенді Салтанат Тәшімова №12 округте 2346 дауысқа ие болған (мұнда Мұхтар Зүлеев жеңімпаз атанған).

Азаматтық белсенді Жанар Секербаева №14 сайлау округінде 1776 дауысқа ие болды. Бұл округте Еркін Рақышев жеңген. Рақышев – билікке қатысты азды-көпті сын айтып жүрген, мәслихатқа өткен жалғыз кандидат.

Өзге белсенділер Аида Әлжанова, Әсия Төлесова және оның анасы Жанар Жандосова "табыс декларациясындағы сәйкессіздіктерге қатысты" сайлаудан шеттетілген.

Алматыда бірмандатты округтер бойынша мәслихатқа 21 адам өтті.

Алматы қаласы мәслихаты сайлауының ресми қорытындысы: "Аманат" 12, "Республика" 3, Қазақстан халық партиясы 3, "Байтақ" 2, "Ақ жол" 1 мандатқа ие болды.

Дауыс саны бойынша көрсеткіш мынадай:

  • "Аманат" партиясы – 151 531 дауыс (51,94%);
  • "Ауыл" – 8 264 дауыс (2,83%);
  • "Республика" – 38 369 дауыс (13,15%)
  • Қазақстан халық партиясы – 38 563 дауыс (13,22%);
  • "Ақ жол" – 15 273 дауыс (5,23%)
  • "Бәріне қарсы" – 16 490 дауыс.

2021 жылы Алматыда мәслихат сайлауында "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан") партиясы сайлаушылардың 68,11 пайыз дауысын жинаған.

Алматы мәслихатында 42 депутат бар.

XS
SM
MD
LG