Accessibility links

RSF: Қазақстанда журналистер әлі күнге дейін сайлаудан еркін ақпарат тарата алмайды


Сайлау нәтижесін жоюды талап етіп тұрған Ақтөбе тұрғыны Фархад Ғазиз. 24 наурыз, 2023 жыл.
Сайлау нәтижесін жоюды талап етіп тұрған Ақтөбе тұрғыны Фархад Ғазиз. 24 наурыз, 2023 жыл.

"Шекарасыз тілшілер" (Reporters sans frontières — RSF) ұйымы Қазақстанда кезектен тыс парламент сайлауы қарсаңында және сайлау кезінде кәсіби міндетін атқарған ондаған журналист түрлі тосқауылға кезіккенін мәлімдеді. Ұйым Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты "еркін ақпарат таратудағы кедергілерге нүкте қою үшін" күш салуға үндеді.

Штаб-пәтері Парижде орналасқан ұйым 23 наурыз күнгі мәлімдемесінде RSF тілшісі Жанна Байтелова "парламент сайлауы қарсаңында сайлау заңнамасын бұзғаны үшін кінәлі" деп танылғанын жазған. Ұйымның жазуынша, журналист қала халқынан "Сайлауға барасыз ба?" деп және "сайлау алдындағы ахуал жөніндегі" пікірін сұраған. 20 наурызда осы шағын сауалнама "Республика" басылымында жарияланғаннан кейін үш күннен соң оған 51 750 теңге (шамамен 113 доллар) көлемінде айыппұл салынған. Журналист шешімді апелляцияға бермек.

"Журналистерге сайлаудан ойдағыдай ақпарат таратуға кедергі жасайтын мұндай әдіс-тәсіл Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан" туралы уәделері тайғанақтап жатқанын көрсетеді. RSF президентті уәдесінде тұрып, баспасөз еркіндігін қорғайтын шаралар қабылдауға, өзіне деген халықтың сенімінен айырылуға жол бермеуге шақырады" деді RSF ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Жанна Кавелье.

Ұйымның жазуынша, "Уральская неделя" сайтының редакторы Тамара Еслямова да "заңсыз сауалнама жүргізді" деп негізсіз айыпталған.

Бұған дейін қазақстандық "Әділ сөз" сөз еркіндігін қорғау ұйымы сайлау күні журналистердің құқығын бұзу бойынша тоғыз фактіні тіркеген және ақпарат құралдарының жұмысына кедергі келтіру талпыныстары байқалғанын айтқан. Ондай фактілер арасында сайлау учаскесінде дауыс бергендер санын айтпау, сайлау комиссиясы мүшелерінің журналистерге учаскеде фото-видео түсіруге шектеу қою сияқты жайттар бар.

Мәжілісті және мәслихатты сайлау Қаңтар оқиғасынан кейін бір жылдан астам уақыт өткенде болды. "Ол президент Тоқаев көптен бері уәде етіп келе жатқан демократиялық тұрғыда жаңару басталғанын көрсетуге тиіс еді" деп жазды RSF мәлімдемесінде.

Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша, мәжілістегі орындардың басым бөлігін "Аманат" партиясы алған. Президент Тоқаев мәжіліс пен мәслихатты кезектен тыс сайлаудан кейін "елдің саяси жүйесі толық жаңаланып бітті" деді. Ал аймақта сайлауға түсуге өзін-өзі ұсынған кандидаттар сайлаудың алдын ала нәтижесін жоюды талап етті. Олар заң билікшіл кандидаттардың мүддесіне қарай бұзылғанын айтқан.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанды сөз еркіндігі шектелген мемлекеттер санатына жатқызады. Республика "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз еркіндігі индексінде 180 елдің ішінде 122-орында тұр.

XS
SM
MD
LG