Accessibility links

"Аманат" партиясын "дауыс ұрлады" деп айыптап, пикет өткізген ер адамға сот айыппұл салды


"Аманат – Ұры Отан" сайлауда тек қана дауыс ұрлауды біледі" деген жазуы бар плакат ұстаған Фархад Ғазиз. Ақтөбе, 24 наурыз, 2023 жыл.
"Аманат – Ұры Отан" сайлауда тек қана дауыс ұрлауды біледі" деген жазуы бар плакат ұстаған Фархад Ғазиз. Ақтөбе, 24 наурыз, 2023 жыл.

25 наурыз күні Ақтөбенің әкімшілік соты қала тұрғыны Фархад Ғазизге жалғыз адамдық пикет өткізгені үшін 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (172,5 мың теңге немесе 377 доллар) айыппұл салды. Фархад Ғазиз жұма күні халықаралық қауымдастықты Қазақстандағы сайлауды заңсыз деп тануға үндеп, "Аманат" партиясының Ақтөбедегі ғимараты алдында пикет өткізген еді. Белсендінің қолында "Аманат – Ұры Отан сайлауда тек қана дауыс ұрлауды біледі" деп жазылған плакаты болды.

– Жұма күні полиция мені "Аманаттың" алдынан ұстап әкетіп, Ақтөбедегі Зауыт полиция бөліміне апарды. Сол жерде кешкі 6-ға дейін ұстап, үстімнен Әкімшілік кодекстегі 488-баптың 7-бөлігімен ("бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") хаттама толтырды. Ал сенбі күні түсте сот болып, судья Аманғалиұлы маған 50 АЕК көлемінде айыппұл салды. Әкімшілік соттың бұл қаулысына келіспеймін, апелляция алқасына шағым жазамын, –дейді Фархад Ғазиз.

Белсенді жұма күні "Аманат" партиясының Ақтөбедегі ғимараты алдында 1,5 сағатқа жуық тұрған. Осы аралықта Фархад Ғазизге "Аманаттың" өкілдері, Ақтөбе әкімдігі мен прокуратура қызметкерлері келіп, әрекеті заңсыз екенін, пикет өткізу үшін рұқсат алуы қажет екенін айтумен болған. Партия ғимаратына, әкімдікке барып әңгімелесуді ұсынған. Полиция қызметкерлері "плакатыңызды жинаңыз, заңды талабымызға бағынбау әкімшілік жазаға соқтыруы мүмкін" деп ескерткен.

Фархад Ғазиздің сөзінше, ол жалғыз адамдық пикет өткізетінін әкімдікке алдын ала хабарламаған. Белсенді "Қазақстан азаматы ретінде өз пікірімді білдіруге құқым бар. Ешбір заң Конституциядан жоғары емес" деп есептейді.

Жалғыз адамдық пикет өткізгені үшін Фархад Ғазиз әкімшілік жазаға тартылғанын Ақтөбе облыстық соты да растады. "Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен Фархад Ғазиз кінәлі деп танылып, 172 500 теңге айыппұл салынды" делінген соттың хабарламасында.

50 жастағы Фархад Ғазиз Ақтөбедегі наразылық жиындарына жиі қатысады. Бұрын бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған.

  • 19 наурызда мәжіліс пен мәслихатты сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, депутаттық мандаттың басым бөлігін биліктегі "Аманат" партиясы алды. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау күні бюллетеньді топтап тастау, "карусель" әдісімен дауыс беру, бақылаушыларды дауыс санауға қатыстырмау сияқты заң бұзу фактілері болды деген. Дауыс санау кезінде заңбұзушылықтар болғанын ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы да айтты.
  • Сайлауға өз-өзін ұсынған, бірақ мәжіліс пен мәслихатқа өтпей қалған кандидаттардың басым бөлігі де нәтижеге келіспей, биліктен дауыс беруді қайта өткізуді талап еткен.
  • 21 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Наурыз мерекесінде сайлауды "ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы" деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG