Accessibility links

Ақтөбеде белсенді әлем елдерін Қазақстандағы сайлауды заңсыз деп тануға үндеп, пикетке шықты


Ақтөбелік белсенді Фархад Ғазиз сайлауды заңсыз деп тануды талап етіп, пикетке шыққан сәт. 24 наурыз, 2023 жыл.
Ақтөбелік белсенді Фархад Ғазиз сайлауды заңсыз деп тануды талап етіп, пикетке шыққан сәт. 24 наурыз, 2023 жыл.

24 наурызда Ақтөбеде жергілікті белсенді Фархад Ғазиз әлем елдерін Қазақстандағы сайлауды заңсыз деп тануға шақырып, пикет өткізді. Белсенді қолына "Аманат – Ұры Отан" сайлауда тек қана дауыс ұрлауды біледі" деп жазылған плакат ұстап, "Аманат" партиясының Ақтөбедегі ғимаратына барды.

– Демократиялық елдер Қазақстанда 19 наурызда өткен мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауды заңсыз деп танығанын қалаймын. Биліктің партиясы бұрынғысынша әкімшілік ресурстарды қолданып, заңсыз сайлау өткізді. Қазақстанда демократия жоқ. Демократия орнайды деп сенуге де болмайды. Либерализм жоқ, парламентаризм атымен жоқ. "Аманатты" халықтың партиясы деуге болмайды! Ал өзге партиялардың қолында ешқандай ресурс жоқ. Сондықтан сайлаудағы заңсыздықтарға тікелей осы партия жауапты, – деді Фархад Ғазиз.

Белсенді "Аманат" партиясының Ақтөбедегі ғимараты алдында 1,5 сағатқа жуық тұрды. Осы аралықта Фархад Ғазизге "Аманаттың" өкілдері, Ақтөбе әкімдігі мен прокуратура қызметкерлері келіп, әрекетіңіз заңсыз, пикет өткізу үшін рұқсат алуыңыз қажет деп айтумен болды. Партия ғимаратына, әкімдікке барып әңгімелесуді ұсынды. Полиция қызметкерлері "плакатыңызды жинаңыз, заңды талабымызға бағынбау әкімшілік жазаға соқтыруы мүмкін" деп ескертті.

Фархад Ғазиздің сөзінше, ол жалғыз адамдық пикет өткізетінін әкімдікке алдын ала хабарламаған. Белсенді "Қазақстан азаматы ретінде өз пікірімді білдіруге құқығым бар, ешқандай заң Конституциядан жоғары емес" деді.

Әкімдік қызметкерлері мен "Аманат" өкілдері пикетке шыққан тұрғынмен мәмілеге келе алмады. 1,5 сағаттан соң полиция Фархад Ғазизді патруль көлігіне салып әкетті.

50 жастағы Фархад Ғазиз Ақтөбедегі наразылық жиындарына жиі қатысады. Бұрын бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған.

19 наурызда мәжіліс пен мәслихатты сайлаудың ресми қорытындысы бойынша депутаттық мандаттың басым бөлігін биліктегі "Аманат" партиясы алды. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау күні бюллетеньді топтап тастау, "карусель" әдісімен дауыс беру, бақылаушыларды дауыс санауға қатыстырмау сияқты заң бұзу фактілері болды деген. Дауыс санау кезінде заңбұзушылықтар болғанын ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы да айтты.

Мәжіліс пен мәслихатқа өтпей қалған өз-өзін ұсынған кандидаттардың басым бөлігі де сайлау нәтижесіне келіспей, биліктен дауыс беруді қайта өткізуді талап еткен.

21 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Наурыз мерекесінде сайлауды "ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы" деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG