Accessibility links

"Әлеуметтік толқу қаупін" арттырған "Назарбаев стиліндегі сайлау"


19 наурызда дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы қаласы.
19 наурызда дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы қаласы.

"Сайлау көп қазақстандықтың көңілін қалдырған болуы мүмкін, бұл әлеуметтік толқу қаупін күшейтеді" дейді АҚШ-тың Қазақстандағы бірінші елшісі, АҚШ-тағы RAND Corporation зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Уильям Кортни.

Сайлау нәтижесі Қаңтар оқиғасында саяси өзгеріс талап еткен қоғам сұранысына жауап бере ме? Мәжілістің жаңа құрамы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар туралы мәлімдемелеріне қаншалық сай? Тоқаев адамдары мен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев төңірегі арасында жасырын ойын, элитааралық қақтығыс жүріп жатыр ма? Азаттық осы және өзге де сұрақтарды 1992-1994 жылдары Қазақстандағы АҚШ елшісі қызметін атқарған Уильям Кортнимен талқылады.

"НАЗАРБАЕВ СТИЛІНДЕГІ САЙЛАУ"

Азаттық: Батыс сарапшылары былтыр қарашада өткен президент сайлауын шынайы бәсеке болмады деп сынады. Парламент сайлауының алдында Астана бұл жолғы науқанда бәсеке болатынын мәлімдеген. Қазақстанның лауазымды тұлғалары Батыс басылымдарына берген сұхбатында да осы пікрді жеткізген. Бұл жолғы сайлауда шын мәнінде бәсеке болды дей аламыз ба?

АҚШ-тың Қазақстандағы бірінші елшісі, АҚШ-тағы RAND Corporation зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Уильям Кортни.
АҚШ-тың Қазақстандағы бірінші елшісі, АҚШ-тағы RAND Corporation зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Уильям Кортни.

Уильям Кортни: Бұл сайлау бұрынғы сайлауларға қарағанда бәсекелі болған жоқ. Бір ғана өзгеріс – бірмандатты округтер бойынша сайлау. Бірақ кейбір тәуелсіз кандидаттарды есепке алмасақ, [сайлауға түскен] оппозиция өкілдері өте аз тәрізді. Үкімет оппозицияны сайлауға қатыстырмауға қатты күш салды. Жанболат Мамай тәрізді саяси көшбасшылар қудаланып жатыр. Басқа саяси белсенділерді сайлау қарсаңында, тіпті сайлау күні де қудалады. Билік белсенділерді ұстады.

Тәуелсіз саяси партиялар партиялық тізіммен сайлауға қатыса алмады. Оларды [әділет министрлігі] тіркеуден бас тартты. Сондықтан бұл сайлауда бәсеке болмады. Бұл − Назарбаев стиліндегі дәстүрлі сайлау.

Азаттық: Сарапшылар дауыс беру бюллетенінде нағыз оппозициялық партиялар болмағанын айтты. Сайлаудың алдын ала нәтижесіне қарағанда, биліктің "Аманат" партиясы 54 пайызға жуық дауыс жинады, бұл – мәжілістегі көпшілік орынды осы партия алады деген сөз. Бұл сайлаудың нәтижесі ұзаққа созылған биліктің ауысуынан кейін өзгерістер талап еткен қоғамның сұранысына жауап бере ме?

Уильям Кортни: Әлеуметтік желіде бір учаскеде дауыс берген адамдар кейін басқа учаскелерге барып, тағы дауыс бергенін әшкерелейтін видеолар көп тарады. Бұл шын мәнінде дауыс бергендер саны ресми мәліметтен анағұрлым аз болғанын көрсетеді. Бұл нәтиже сайлаушыларды қанағаттандыра ма? Сайлаушыларды теңсіздік, әлеуметтік-экономикалық ахуал толғандырады. Бұл 2022 жылы Қаңтар оқиғасындағы наразылықтың басты себебі болған тәрізді. Сол кезден бері бұл мәселені шешу үшін ештеңе жасалмады, сондықтан бұл мәселе әлі де күн тәртібінде тұрған сияқты.

Осы себепті бұл сайлаудан кейін қойылатын сұрақтар: наразылық ықтималдығы азайды ма? Президент пен парламент сайлауы өзгерістерге әкеледі деп уәде етілді, бірақ әділ, ашық және бәсекелі сайлау болған жоқ, сондықтан наразылық ықтималдығы артты ма? Бұл сұрақтардың жауабы жоқ, бірақ сайлау халықтың көңілінен шықпағаны және билік легитимдігін арттырмағаны билікті алаңдатуы ықтимал. Үкімет легитимдікті күшейтудің басқа жолдарын іздеген болуы мүмкін. Әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту қисынды қадам болар еді, бірақ үкімет оны іске асыра ала ма, жоқ па, белгісіз.

Алматы облысы Азат ауылындағы дауыс беру процесі. 19 наурыз, 2023 жыл.
Алматы облысы Азат ауылындағы дауыс беру процесі. 19 наурыз, 2023 жыл.

Азаттық: Бірнеше тәуелсіз кандидат пен билікке жақын партиялардан парламент жасақталмақ. Ақорда енді парламентке әртүрлі күштердің өкілдері кіргенін ауызша мәлімдеді. Бұл әлеуметтік жарылыс қаупі азайғанын көрсете ме?

Уильям Кортни: Еркін де, әділ де, шынайы да емес парламент және президент сайлаулары ахуал жақсарғанын, ықтимал әлеуметтік толқу қаупі азайғанын білдірмейді. Сайлау көп қазақстандықтың көңілін қалдырған болуы мүмкін, сондықтан [әлеуметтік толқу] қаупі сайлаудан кейін одан сайын артуы мүмкін.

Азаттық: Бірмандатты округтер бойынша 29 орынның 23-ін "Аманат" кандидаттары алды. Бұл Тоқаевтың саяси реформалар мен саяси өзгерістер туралы мәлімдемелеріне қаншалық сай?

Уильям Кортни: Әзірге шынайы саяси реформаның белгісі жоқ. Бірмандатты округ бойынша өткен, "Аманат" партиясына кірмейтін алты адамның кейбірі нағыз оппозиционер болар, бәлкім, ешқайсысы шынайы оппозиция болмауы да мүмкін. Меніңше, Қазақстан жұрты мен Батыс мәжіліс оппозиция идеяларын талқылай ма, нағыз қызу пікірталас жүре ме, әлде бұрынғыдай билікшіл бола ма дегенді мұқият бақылайды.

Азаттық: Мәжіліс құрамы өзгеріп, төменгі палатада үш партияның орнына алты партия болмақ. Сіздің ойыңызша, бұл шынайы өзгеріс пе?

Уильям Кортни: Партиялық тізім бойынша түскен барлық партия үкіметті жақтайтын тәрізді. Бұл ешқандай өзгеріс болмауы мүмкін дегенді көрсетеді.

Үкімет парламентте көбірек партия болғанын қалаған тәрізді. Алайда қандай да бір тәуелсіз партияның бірмандатты округ немесе басқа механизм бойынша парламентте өкілдігі болады деген белгі жоқ.

"НАЗАРБАЕВ РЕЖИМІ ТӘРІЗДІ ОСЫ РЕЖИМНІҢ ДЕ ЛЕГИТИМДІГІ ЖОҚ"

Азаттық: Тәуелсіз бақылаушылар мен тәуелсіз кандидаттардың өкілдері сайлау күні көп заңсыздық болғанын мәлімдеді. Мәселен, бақылаушыларды сайлау учаскелерінен негізсіз шығарып жіберу, оқу орындары мен мемлекеттік қызметкерлерлерді мәжбүрлеп қатыстыру, дауыс беру жәшіктерін бақылаушылардың көзі жетпейтін жерге қою, топтап бюллетень салу, тағы басқа. Дәл осындай әдістер Назарбаев тұсындағы сайлауда да болды. Қазіргі режим неліктен ескі әдістерге сүйенеді? Бұл нені көрсетеді?

Уильям Кортни: Қазіргі режимнің ондай әдістерге (дауысты бұрмалау – ред.) сүйенетін себебі – дәл Назарбаев режимі тәрізді бұл режимнің де қазақстандықтар алдында легитимдігі жоқ. Легитимдік, халық қолдауы жайлы түсінігі жоқ болғандықтан, дауыс бұрмалау әдістеріне сүйенуге мәжбүр.

Мысалы, әлеуметтік желіде "карусельмен" (учаскелерді аралап жүріп көп рет дауыс беру әдісі – ред.) бірнеше мәрте дауыс берген адамдардың видеосы көп тарады. Бұл – легитимдігі жоқ, шынайы дауыс беруден қорқатын авторитар елдегі кәдуілгі механизм.

Меніңше, билік азаматтық қоғам мұндай тәсілдерден анағұрлым озып кеткенін, оны қабылдамайтынын түсінбейтін сияқты. Қазақстандағы азаматтық қоғам дамып, күшейіп жатыр, жұрт мұндай бұрмалауға бұрынғыдай көніп отырмайды. Үкіметке сенбейтін қоғамда мұндай авторитар тәсілдерді қолдану билік үшін қауіпті. Бұл саяси, әлеуметтік толқу қаупін күшейтеді.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәжіліс және мәслихат сайлауында дауыс беріп жатқан сәт. Астана, 19 наурыз, 2023 жыл.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәжіліс және мәслихат сайлауында дауыс беріп жатқан сәт. Астана, 19 наурыз, 2023 жыл.

Азаттық: Сарапшылар бұл сайлау президент Тоқаевтың билігін күшейтеді деді. Сіз толқу қаупі бар екенін айттыңыз. Олай болса бұл Тоқаевтың өз билігін күшейту әрекетіне қалай әсер етеді?

Уильям Кортни: Назарбаев билігінің кейінгі жылдарында әрбір әділетсіз сайлау оның билігін күшейту орнына әлсірете түсті. Оның арты былтыр болған саяси, әлеуметтік сипаттағы толқуға ұласты.

Соңғы президент пен парламент сайлауынан кейін халық алдындағы легитимдігі жағынан үкімет күшейгеннен гөрі әлсірей түседі деп болжауға болады. Тоқаев Назарбаев тағайындаған кейбір адамдарды одан әрі шеттете беруі мүмкін. Дегенмен бұл үкімет демократиялы немесе реформаторлық бағытты ұстанады дегенді білдірмейді.

Азаттық: Тоқаев пен оның командасы саясатты жеке тұлғаға тәуелділіктен арылтуға бағытталған реформалар жүргізіп жатырмыз дейді. Осы үрдіс байқала ма?

Уильям Кортни: Үкіметтің бір адамға тәуелді болуы Назарбаев кезеңімен салыстырғанда азайған. Бірақ қазіргі үкімет Назарбаев дәуірінен мұраға қалған саяси истеблишментке сүйенеді. Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің кейбірі шеттетілгені болмаса, бұл истеблишмент көп өзгерген жоқ.

ТОҚАЕВ ПЕН НАЗАРБАЕВ ТӨҢІРЕГІ АРАСЫНДА ТАРТЫС ЖҮРІП ЖАТЫР МА?

Азаттық: Әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешілмеді, әзірге саяси реформа көріп тұрғанымыз жоқ дедіңіз. Оған қоса, ықпалы мен билігін қайтарағысы келетін Назарбаев отбасы тәрізді ойыншылар бар. Осының бәрі Тоқаев президенттігіне қалай әсер етеді?

Уильям Кортни: Былтыр жаппай тәртіпсіздікке ұласқан элитааралық тартыс кейбір элита топтарының арасында ресурс, байлық, билік пен бақылау үшін әлі де үлкен бәсеке бар екенін көрсетті. Бұл тартыс бәсеңдеді деуге негіз жоқ. Сондықтан әлеуметтік және саяси сипаттағы жарылыс болса, элитааралық күрес тағы да шешуші рөл атқаруы мүмкін.

Тартыс пен күресті азайту үшін үкімет ашық та шынайы болып, бәсеке мен саяси пікірге жол ашуы керек. Ал егер бұл іске аспаса, алдағы уақытта азаматтық қоғам күшейе түседі. Қарапайым халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен олардың азаматтық қоғам ретінде күтетін үміті арасындағы алшақтық өсіп жатыр. Үкімет күшейіп жатқан азаматтық қоғамға саяси еркі мен пікірін білдіруге көбірек мүмкіндік бермесе, жаппай тәртіпсіздік қаупі арта түсуі ықтимал.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беруге келген сәт. Астана, 19 наурыз, 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беруге келген сәт. Астана, 19 наурыз, 2023 жыл.

Азаттық: Тоқаев адамдары мен Назарбаев төңірегі арасында жасырын ойын, элитааралық қақтығыс жүріп жатыр ма, соның белгілері байқала ма?

Уильям Кортни: Сырттан қарағанда, негізінен, Назарбаев тұсындағы саяси истеблишмент қалған. Сондықтан Назарбаев кезінде басқара алған элитааралық күрес өзгерген жоқ. Алайда Тоқаев тобы мен Назарбаев тобының бар-жоғы белгісіз.

Азаттық: Бұрынғы президент пен қазіргі президент арасында сахна сыртында қандай да бір сауда мен келіссөз жүріп жатыр ма, сондай белгілер көріне ме?

Уильям Кортни: Бұл туралы ашық, қоғамға жария ақпарат жеткіліксіз. Бірақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, тауар айналымы экономикасының негізгі секторларына қарасаңыз, белгілі бір өзгеріс бар сияқты, осы секторларды бақылау үшін Тоқаев адамдары Назарбаевтың адамдарымен тартысып жатқандай көрінеді.

Азаттық: Сіздің ойыңызша, Назарбаев мұрасы не болады? Тоқаев билікті қолына толығымен шоғырландырып біткен соң, жеке тұлғаға табыну жойылуы мүмкін бе?

Уильям Кортни: Назарбаевтың ядролық қарусыздандыру, ел ресурстарын барлауға және мұнай өндіруге бағытталған энергетика саласындағы серіктестік сияқты бірқатар салада жағымды істері бар. Елде көп ұлттар тұратындықтан, толеранттық саясаты аса маңызды болды. Көршілермен тату-тәтті қарым-қатынас, Батыспен жақсы қарым-қатынас Қазақстан тәуелсіздігі мен егемендігін қорғау үшін маңызды болды, елдің көпвекторлы сыртқы саясаты жемісті болды.

Назарбаевтың мұрасы сынға түсетін сала – саяси қуғын-сүргінді күшейту және саяси жүйені ашық ете алмау. Отбасының көп көлемдегі жемқорлық дауларына қатысы да алаңдаушылық тудырмақ.

Қазір жеке тұлғаға табынудан арылу жүріп жатыр, Астана атауы қайтарылды, "ұлт көшбасшысы" мәртебесі жойылды. Бұл процесс жалғасатын тәрізді.

"АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ КҮШЕЮІ" ЖӘНЕ "НАЗАРБАЕВ ДӘУІРІНЕН ҚАЛҒАН ИСТЕБЛИШМЕНТ"

Азаттық: Көрші Өзбекстан конституцияны қайта қарап, президент Шавкат Мирзияевтың президенттік мерзімін жойып, биліктегі мерзімін қайта бастамақ. Қырғызстанда азаматтық қоғам мен ақпарат құралдары қудаланып жатыр. Бұл аймақтағы авторитаризм күшейіп жатқанын көрсете ме?

Уильям Кортни: Қазақстанда авторитаризмнің әлсіреу белгілері әзірге байқалмайды. Өзбекстанда мақта жинауға мәжбүрлеу тәрізді кейбір авторитар әдістер әлсірегенімен, бұл ел де дәл Қазақстан тәрізді, мұнда да түпкілікті реформа жүріп жатқан жоқ. Өзбекстанда қысым біршама азайса да, Қазақстанда бірмандатты округтен сайлау сияқты әдістер енгізілсе де, екі елде де билік авторитар.

Азаттық: Астанаға келген Батыстың лауазымды тұлғалары Тоқаевтың реформалар бағдарламасына қолдау білдірді. Алайда олар Қаңтар оқиғасына жария түрде назар аудармайды. Неге?

Уильям Кортни: Батыс әу бастан Қазақстанмен дәстүрлі түрде жақсы қарым-қатынас ұстанды. Бұған ядролық қаруды таратпау, энергетика саласындағы серіктестік, тәуелсіздік алғалы бері Қаақстанның саяси мәдениетіне айналған толеранттық саясаты себеп.

Меніңше, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Еуроодақтың лауазымды тұлғалары Қазақстанға келгенде кең ауқымды мүдделерді есепке алады. Кейде ресми мәлімдемелерде олар нақты сынды емес, кең ауқымды мүдделерін көрсетеді.

Бірақ сайлау тәрізді шараларға келгенде Батыс сынап мәлімдеме жасайтынын көреміз. Меніңше, Батыс Тоқаев расында да реформаларды қалайды деп ойлайды. Тоқаевты 30 жылдан бері білемін, ол реформаларды қалайтын сияқты, бірақ саяси истеблишмент сол реформаларға жол бермейтін тәрізді. Бұл – Назарбаев дәуірінен қалған истеблишмент, сондықтан Тоқаевтың реформаларды қолдауы оларды іске асыруға аздық етуі мүмкін. Қазір Тоқаев үкіметінің реформаны іске асыруға күші жете ме дегенді бақылап отырмыз, сол себепті ол іске аса ма дегенді кесіп айту ерте. Әзірге кейінгі жылдары түпкілікті реформа байқалған жоқ деуге болады.

Меніңше, былтыр Қаңтардағы оқиға уақыт зымырап жатқанын, Қазақстан азаматтық қоғамы күшейіп жатқанын көрсетті. Саяси пікірді ашық білдіруге ұмтылыс күшейіп келеді. Сондықтан қазіргі үкіметтің реформаларды іске асыруға уақыты бар деп ойламаймын. Үкімет легитимдігін күшейтуді көздесе, қарапайым халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартатын реформаларды тез арада жүргізуі керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG