Accessibility links

Сот реформасына қарсы наразылық акциясын қолдаған Израиль қорғаныс министрі қызметінен босатылды


Израильде сот реформасына жаппай қарсылық жалғасып жатыр. Наразылалар сот реформасы демократияға қайшы деп есептейді. Жексенбіде Израиль қорғаныс министрі Йоав Галант реформаны тоқтатуды ұсынды. Ол қазіргі жағдай елдің қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп есептейді.

Галант сот реформасын кемінде бірнеше айға тоқтата тұруды айтқан. Өйткені Израиль әскері мен қауіпсіздік қызметінде де наразы көңіл-күй бар. Оны оппозиция жетекшісі, бұрынғы премьер-министр Яир Лапид қолдаған. Лапид Галант Израильдің қауіпсіздігі жолында батыл қадам жасады деп бағалаған.

Оған жауап ретінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Галантты қызметінен босатқан. Бұл жөнінде жексенбіде The Jerusalem Post хабарлады. Нетаньяху Галант "үкіметтің сыртынан әрекет етіп, сенімнен шықты" деп мәлімдеген.

Израильде сот реформасына қарсылық жалғасып жатқанына бірнеше апта болды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, кеше 600 мыңнан астам адам қарсылық шеруіне шыққан. Бұл – Израиль тарихындағы аса ірі акция. Израиль халқының саны 8 миллионнан сәл-ақ асады.

Биньямин Нетаньяху үкіметі ұсынып отырған сот реформасы бойынша, парламенттегі көпшілік Жоғарғы сот судьяларын іріктейді, ал соттың өзі үкімет шешімін қайтара алмайды. Келесі аптада парламент реформаны дауысқа салады. Наразылық акциясына шыққандар бұл заң қабылданса, сот тәуелсіздігінен айырылады деп есептейді.

Израильдің былтыр желтоқсанда сайланған премьер-министрі Биньямин Нетаньяху қарсылық акциясының мақсаты өзін биліктен кетіру деп отыр. Шеруге шыққандардың арасында Нетаньяхуды отставкаға жіберуді талап етіп жүргендер де бар. Нетаньяху қазір алтыншы рет премьер болып отыр. Оның үстінен жемқорлыққа байланысты үш қылмыстық іс қозғалған, бірақ өзіне қарата айтылып жүрген айыптарды мойындаған емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG