26 наурыз, жексенбі күні Түркіменстанда өткен парламент депутаттарын сайлауда сайлаушылар шетелге кеткен туыстарының атынан дауыс берген. Бұл жөнінде Азаттық радиосының Түркімен редакциясы хабарлады.
Түркіменстан орталық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, республика уәлаяттарының барлығында сайлаушылардың кем дегенде 83 пайызы дауыс берген.
Азаттықтың Түркімен қызметінің хабарына қарағанда, республика билігі сайлаушыларға шетелге кеткен туыстарының орнына дауыс беруді алдын ала ескерткен.
– Түрікменабад қаласында сайлауға дайындық тобы үйлерді аралап, 18 жасқа толғандарды тіркеген. Шетелге кеткен туыстарының да паспорт мәліметтерін алып, сайлау күні Түркіменстанда болмаған азаматтардың атынан олардың туыстары дауыс беретінін ескерткен, – деп жазады Азаттықтың Түркімен редакциясы.
Редакцияның мәліметінше, сайлаушылардың бірі "депутаттыққа кандидаттарды ешкім білмейтінін, оларды билік өзі тағайындайтынын" айта келе, "Бұл сайлау – малды қораға айдап кіргізгенмен тең нәрсе. Бұған кеткен шығынды аш-жалаңашқа бергені жақсы еді" деген.
Сайлау өтерден бірнеше күн бұрын-ақ республикада интернет сапасы күрт нашарлаған. Түркіменстандағы сайлауды бақылауға халықаралық ұйым бақылаушылары келген.
Түркіменстан Сайлау кодексі бойынша, сайлау қорытындысы жеті күннің ішінде жарияланады.
Мәжіліс депутаты болып 25 жасқа толған, кейінгі 10 жылда республикада тұрақты тұрған Түркіменстан азаматы бес жыл мерзімге мажоритар жүйе бойынша сайланады. Бұл жолы мәжілістегі 125 орынға 258 кандидат "таласқан", олардың бір бөлігін Түркіменстан демократиялық партиясы, Аграрлық партия және Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер партиясы ұсынған.
Түркіменстанда 2021 жылы қос палаталы парламент құрылып, биыл қаңтарда мемлекет қайтадан бір палаталы парламент – мәжіліске оралған.
Түркіменстан авторитар басқару нысанындағы ең жабық мемлекеттердің бірі деп есептеледі. Елде кейінгі 30 жылда өткен бірде-бір сайлауды халықаралық ұйымдар мен Батыс елдерінің бақылаушылары "еркін және әділ өтті" деген емес.
ПІКІРЛЕР