Accessibility links

"Коммунистер" мен "Ақ жол" мәжіліске баратындардың тізімін жариялады. ҚХП тізімінде Ертісбаев жоқ


ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев.
ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев.

Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) мен өздерін "парламенттегі оппозиция" деп есептейтін "Ақ жол" партиясы мәжіліске депутат болатын мүшелерінің тізімін жариялады.

ҚХП-ның тізім жарияланған жиынын төраға Ермұхамет Ертісбаев басқарған. Бірақ тізімде Ертісбаевтың өзі жоқ.

Сонымен мәжіліске ҚХП атынан депутат болатындардың тізімі мынадай:

  • Магеррам Магеррамов, осыған дейінгі мәжілісте депутат болған;
  • Ирина Смирнова, осыған дейінгі мәжілісте депутат болған;
  • Гаухар Танашева, Көпбалалы аналар бірлестігінің жетекшісі;
  • Кенжеғұл Сейітжан, Паралимпиада ойындарына қатысқан, мүгедек адамдардың құқығын қорғаушы;
  • Ислам Сұңқар, жастар квотасы бойынша.

19 наурыздағы сайлаудың ресми нәтижесі бойынша ҚХП 6,8 пайыз дауыс алып, партиялық тізіммен бес мандатқа ие болған еді.

Ал сайлауда 8,41 пайыз дауыспен алты мандат алған "Ақ жол" төрағасы Азат Перуашев партия тізімінде бар. Перуашевпен бірге "Ақ жолдың" мына мүшелері де мәжіліске өтті:

  • Ерлан Барлыбаев, экономист, мәжілістің 6-шақырылымының депутаты болған;
  • Ержан Бейсенбаев, кәсіпкер, Жетісу облысындағы BIGLIFE компаниясының тәуелсіз директоры;
  • Дания Еспаева, мәжілістің 6-шақырылымының депутаты болған;
  • Қазыбек Иса, ақын, мәжілістің 6-шақырылымының депутаты болған;
  • Асқар Садықов, бизнесмен, "Ақ жолдың" Ақтөбе облысындағы филиалының төрағасы.

"Ақ жол" партиясы өзін "парламенттегі оппозиция" деп көрсетеді, бірақ биліктің бастамаларын ашық қолдап келеді.

Азат Перуашев палатаның жалпы отырысында парламенттік оппозиция туралы заң жобасы жөнінде баяндама жасап тұр. Астана, 6 мамыр, 2020 жыл.
Азат Перуашев палатаның жалпы отырысында парламенттік оппозиция туралы заң жобасы жөнінде баяндама жасап тұр. Астана, 6 мамыр, 2020 жыл.

"Ақ жол" мен ҚХП осыған дейінгі шақырылымдарда да партиялық тізіммен мәжілістен орын алған. Бұрынғы коммунистер елді Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрғанда оның саясатын қолдайтын, қазір де Ақорданың саясатына ашық қолдау білдіреді.

ҚХП төрағасы Ертісбаев Назарбаевқа көп жыл кеңесші болған, ақпарат министрі, Қазақстанның Грузиядағы елшісі қызметтерін атқарған. Ол 2022 жылы Қазақстан халық партиясына қосылып, төрағалыққа тағайындалған.

19 наурызда өткен мәжіліс пен мәслихатты кезектен тыс сайлауда партиялық тізім бойынша да, бірмандатты округтер бойынша да көп орынды биліктегі "Аманат" партиясы (40 орын) иеленді. Мәжіліске партиялық тізіммен "Аманат", ҚХП,"Ақ жолдан" бөлек, "Ауыл" (10 орын), "Республика" (6 орын), ЖСДП (4 орын) өткен.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігі шынайы қарсылас болатын оппозициялық топтарды сайлауға өткізбеді деп мәлімдеген.

Тәуелсіз және халықаралық бақылаушылар дауыс беру және бюллетеньдерді санау кезінде заң бұзу фактілері болғанын айтқан. ОСК сайлаудағы заңбұзушылықтарды мойындаған, бірақ "бұл сайлау нәтижесіне айтарлықтай әсер етпеді" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG