Алматы гарнизонының әскери соты журналист Михаил Козачковқа 3,5 жыл шартты жаза берді. Қазақстанның ақпарат агенттіктеріне бұл туралы оның адвокаты Елена Жигаленок хабарлады.
Сот журналисті Қылмыстық кодекстің "жеке өмiрге қол сұғу, дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу", "жалған ақпарат тарату" баптарымен айыптаған.
Былтыр 18 желтоқсанда қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері "Время" басылымының тілшісі, Kozachkov offside телеграм-арнасының авторы Козачковты ұстаған еді. Басында оны тергеу соты қамауға алған, ал 18 ақпанда журналист үйқамаққа шықты.
Қаржы мониторингі агенттігі Козачковты "Болат Назарбаевтың көмекшісі" деп аталған Елдос Қоспаевтың қылмыстық тобына рейдерлік жасауға көмектесті деген күдікпен ұстағанын хабарлаған. Агенттік өкілдерінің айтуынша, Қоспаев "рейдерлік құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау үшін Козачковтың қызметіне жүгінген", Козачков сол үшін "қылмыстық топ мүшелерінен" 52 млн теңге (112 мың доллар) сыйақы алған.
Козачков басында адвокаты арқылы айыптарды терістеп, өзін кәсіби қызметі үшін қудалап отыр деп мәлімдеген еді. Журналистердің құқығын қорғау ұйымдары Козачков журналистік қызметі мен журналистік зерттеулері үшін қудаланды деген.
Ал 18 ақпанда үйқамаққа шыққан журналист Facebook-тегі парақшасында "ақпарат жинағанда және жеке деректерді жариялағанда заң бұзғанын мойындап", пост жариялаған. Козачков жазбасында "күдікке ілінген мақалаларының тізімі азайғанын, айыбын мойындағандықтан, "мемлекеттік құпияны жариялау", "рейдерлік" баптары бойынша іс тоқтатылғанын" да жазған.
ПІКІРЛЕР