Accessibility links

Қырғыз кәсіпкерлері 500-ден аса автокөлікті Беларусьтен шығара алмай отыр


Жыл басынан бері Қырғызстанға жеткізілуге тиіс 500-ден аса автокөлік Беларусь аумағынан шыға алмай тұр. Бұл туралы автокөлік тасумен айналысатын қырғыз кәсіпкері Данияр Салякаев мәлімдеді.

Кәсіпкердің айтуынша, Беларусь кедені автокөліктер тиелген вагондар мен автотрейлерді өткізбей жатыр.

– Ұстау себебін түсірмейді, тексеру қашан аяқталатынын да айтпайды. Кедендегілер құжаттарды тексеріп жатырмыз дейді. Бізге көліктер тұрған тұрақтың түбіртектерін ғана берді. 15 наурызда жібереміз деген, енді сәуірдің аяғы дегенді шығарды. Тұраққа немесе айыппұлға көп ақша сұрай ма деп алаңдап отырмыз, – деді Салякаев.

Оның айтуынша, АҚШ пен Еуропадан Қырғызстанға автокөлік таситындардың бәрі осындай қиындыққа тап болған.

Қырғызстанның Беларусьтегі елшісі Ермек Ибраимов кәсіпкерлер өтінішімен Беларусь кеден комитетінің төрағасы Владимир Орловскиймен кездесті. Елшінің хабарлауынша, 2022 жылғы қыркүйектен бастап беларус жағы қырғыз азаматтарының ЕАЭО аймағына кіргізетін автокөліктерін тексере бастаған. Бұған құжаттарда көлік құны дұрыс көрсетілмегені себеп болған.

Қырғыз кәсіпкерлері мәселені ЕАЭО аясында талқылауды сұрап отыр.

АҚШ пен Еуропадан Қырғызстанға келетін автокөліктер Литва мен Беларусь аймақтары арқылы өтеді. Кәсіпкерлердің кейбірі автокөліктерді Абхазия арқылы Ресейге, одан әрі Қырғызстанға жеткізеді.

Қырғызстан мен Беларусь Еуразия экономикалық одағына мүше. Ұйым аясында тауар еркін тасылуға тиіс. Мұның алдында Қырғызстан үкіметі альянстың ішкі нарығында, атап айтқанда, Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында түрлі кедергіге тап болғанын бірнеше мәрте мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG