Солтүстік Кореяның негізгі ядролық кешені – Йонбен полигонында қозғалыс күшейген. Бұл жөнінде 38 North зерттеу жобасы хабарлады.
Сарапшылар наурызда түсірілген спутник суреттерін салыстыра келе, полигонда кәдімгі су пайдаланылатын ядролық реактор сынағы аяқталған деген қорытындыға келген. Солтүстік Корея полигонға қосымша ғимарат салуға кіріскен. 3 наурыздағы және 17 наурыздағы суреттерге қарағанда, ол ғимаратта да реакторды салқындату жүйесінен су шығарылғаны байқалған. "Бұл жайт реактор қалыпты жұмысқа ауысқанын білдіреді" деп жазады зерттеушілер.
Жексенбі, 2 сәуірде Кореяның Орталық телеграф агенттігі Пхеньян ядролық қаруға ие болғанын еске салғанын хабарлаған. "АҚШ пен оның сателлиттері еліміздің ядролық соққы беру мүмкіндігі бар екенін біліп жүруі керек" деген Солтүстік Кореяның мәлімдемесінен Оңтүстік Кореяның "Рёнхап" ақпарат агенттігі үзінді келтірген.
Мұндай мәлімдемелер АҚШ пен Оңтүстік Кореяның таяудағы бірлескен әскери жаттығуы тұсында айтылып отыр. Биыл маусымда Америка мен Оңтүстік Корея екі ел қатынасының 70 жылдығына орай тағы бір ірі ауқымды жаттығу өткізбек.
Өткен жаттығулар кезінде Пхеньян көбірек зымыран ұшырып, дөңайбат көрсеткен. Ядролық жарылыс имитациясын да жасаған.
ПІКІРЛЕР