Accessibility links

Санкт-Петербургтегі жарылыста Ресей соғысын қолдаушы блогер қаза тапты


Жарылыс болған кафенің алдында құтқару қызметкерлері жүр.
Жарылыс болған кафенің алдында құтқару қызметкерлері жүр.

Жексенбі, 2 сәуір күні Санкт-Петербургте кафедегі жарылыстан танымал әскери блогер, Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысын қолдаушы Владлен Татарский қаза тапты. Оқиға куәгерлері бомба блогерге сыйға тартқан мүсіннің ішінде болғанын айтады. Жергілікті билік жарылыстан зардап шеккендердің саны 32-ге жеткенін хабарлады.

Оқиға қаланың тарихи орталығында, Нева өзенінің бойында орналасқан кафеде болған. Блогер Владлен Татарский жұртпен кездесу өткізіп жатқанда, оған бір әйел қорап сыйға тартқан. Жарылды деген мүсін соның ішінде болған. Жиынды ұйымдастырған топ қауіпсіздік шарасын ескергенін, бірақ ол "жеткіліксіз болып шыққанын" айтып отыр.

Куәгерлердің айтуынша, өзін Настя деп таныстырған әйел кездесу кезінде Татарскийге сұрақтар қойып, ой алмасқан.

Алиса есімді куәгердің сөзінше, Настя Владлен Татарскийге оның мүсінін жасатып әкелгенін, бірақ кіреберісте бомба емес пе деп сұраған соң, есік алдында қалдырып кеткенін айтқан.

"[Табыстар алдында] ол кіреберіске барып, қорапты оған (Татарскийге – ред.) берді. Ол мүсінді шығарып, қарап көрді, бәріміз күлдік. Қалғаны осыдан кейін болды" деді Алиса.

Куәгерлердің айтуына қарағанда, Татарский мүсінді жанында тұрған үстелге қойған. Жарылыс содан кейін болған. Алиса жарылыстан соң жұрт үрейге беріліп қаша бастағанын, шағылған шыны біршама адамды жаралағанын айтады.

Санкт-Петербургте жарылыстан кремльшіл әскери блогер қаза тапты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:04 0:00

Ресейдің "Интерфакс" ақпарат агенттігі жарылысқа қатысы бар деген күдікке Санкт-Петербург тұрғыны Дарья Трепова ілінгенін хабарлады. Агенттіктің мәліметінше, Трепова осыған дейін соғысқа қарсы наразылық жиындарына қатысып, қамауға алынып жүрген.

Telegram желісінде тараған видеода кафенің жарылыстан кейінгі жағдайы көрсетілген. Үстелдер мен орындықтар сынған, қанға боялған. Еден шағылған шыныға толған.

Ресей баспасөз құралдарының хабарлауынша, тергеушілер мүсінді ықтимал жарылыс көзі ретінде қарастырып отыр, бірақ жарылғыш зат кафеге кездесуге дейін жасырылған болуы мүмкін деп те топшылайды.

Ресей тергеу комитеті "кісі өлтіру" бабымен қылмыстық іс қозғаған.

Әзірге ешкім жария түрде жарылысты мойнына алмады. Бірақ ресейшіл әскери блогерлер мен сарапшылар Украинаны айыптап, былтыр тамызда ұлтшыл тележүргізуші Дарья Дугинаның қазасына себеп болған жарылысты еске салды. Танымал саясаттанушы, ұлтшыл философ Александр Дугиннің қызы Мәскеуде көлігі жарылып, опат болған. Тергеу көліктің ішіне жарылғыш зат жасырылғанын айтқан. Ол кезде Ресей билігі Дугинаның қазасына Украина әскери барлау қызметін кінәлаған. Бірақ Киев жарылысқа қатысы жоғын айтқан.

Татарский қаза тапқан кафе.
Татарский қаза тапқан кафе.

РЕСЕЙ БИЛІГІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова кейінгі жарылыс жөнінде мәлімдеме жасады.

"Киев режимі мен оның жақтастары Ресей журналистеріне тұрақты қоқан-лоқы көрсетіп отыр" деді ол.

Ресейдің Украинаға басып кіргенін ашық қолдайтын Александр Дугин "Татарский Ресей халқын құтқарамын деп қаза тапты, ол ел есінде мәңгі қалады" деді.

"Террористермен шартсыз берілуден басқа келіссөз жүргізуге болмайды. Киевте жеңіс парады болуға тиіс" деді Дугин.

Ресей Украинаға басып кіргелі Ресей аумағында түрлі жарылыстар мен өрт оқиғалары болды. Киев оның бірде-біріне жауапкершілік алмаған.

Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк Twitter желісінде "Құтыдағы өрмекшілер бір-бірін жей бастады" деп жазды. "Ішкі терроризм ішкі саяси күрестің құралына айналары уақыт еншісіндегі мәселе еді".

Владлен Татарскийдің шын есімі – Максим Фомин. Ол бұл лақап атын Виктор Пелевиннің "Generation П" деген кітабынан алған. Telegram-арнасында 560 мыңнан астамы оқырманы бар Фомин Украинадағы соғыс жайлы хабар таратып отырған.

Татарский Украинаның индустрия орталығы деп есептелген Донбасста туған. Кәсібін көмір шахтасында бастап, кейін жиһаз бизнесіне өткен. Қаржылай қиындыққа душар болып, банк тонауға барған, сол үшін оған түрме жазасы кесілген. 2014 жылы Донбасста ресейшіл сепаратистер көтерілгенде, қамаудан қашып, сепаратистер қатарына қосылған. Соғыс шебінде жүріп, блогерге айналған.

Татарский соғысшыл мәлімдемелерімен танылған. Былтыр 30 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Украина аумағындағы ДХР мен ЛХР жікшіл құрылымдарын және Херсон мен Запорожье облыстарын Ресей құрамына кіргізу туралы келісімге қол қойғанда, Татарский "Кімді өлтіру керек болса, соның бәрін өлтіреміз, тонаймыз" деп айтқан. Марқұм сондай-ақ Ресейдің Украинадағы азаматтық инфрақұрылым нысандарын атқылауын да қолдаған.

Associated Press агенттігінің хабарына сүйеніп жазылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG